Маңғыстаудағы итбалықтардың қырылуы бойынша эколог билікке үндеу жолдады

Сырым Қаржас

«Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов итбалықтардың жаппай қырылуынан келген шығын шамамен 1,5 миллиард теңгені құрағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

АҚПАРАТ

Қозыбақов Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы бұйрығына сәйкес бір итбалықтың құны 193 АЕК – 712 556 теңгеге бағаланғанын атап өтті. Бұл соманы қырылған 2000 итбалыққа көбейтсеңіз, 1 425 112 000 теңге шығады.

Сарапшы бұл мәселені тез арада тексеру үшін комиссия шақыруды сұрады.

СӨЗБЕ-СӨЗ

«Каспий итбалығы 2020 жылы Қызыл кітапқа енгізілді. Қылмыстық жауапкершілік автоматты түрде туындауы керек, тіпті бір итбалық үшін қылмыстық іс қозғалуы керек еді. Бірақ мұнда олардың саны 2000-ға жетіп отыр - бұл өте үлкен ауқым», деді Қозыбақов

Сонымен қатар ол құзырлы орындарға өтініш білдірді.

«Бұл атышулы істі тексеру үшін шұғыл комиссия құру қажет. Бұл тақырыпқа үлкен қоғамдық пікір тудыру қажет. Себептерін анықтап, кінәлілерді заң аясында барынша жазалап, әрине, келтірілген шығынды өтеуді талап етуіміз керек», дейді Әділбек Қозыбақов.

ИТБАЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ

Маңғыстау жағалауында өлі табылған итбалықтардың саны қарқынды өсіп, бұған дейін 300-ге жетіп қалғаны хабарланған еді. Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, ихтиолог Әсел Баймұқанованың айтуынша, әсіресе Солтүстік Каспийге келгеннен кейін итбалықтардың өлексесі көбейген. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметі бойынша, 24-29 қазан аралығында Каспий теңізі жағалауынан 289 өлі итбалық табылған. Мекеме бұл оқиғаның себептері әлі белгісіз екенін айтып, жағалау аймағын бақылауды жалғастыруда.

Алдын ала нұсқа бойынша, итбалықтардың өлімі теңіздің ластануынан және олардың иммунитетінің төмендеуінен болуы мүмкін екенін жазған едік. Оның алдында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстаудағы итбалықтардың жаппай қырылу себептерін әлі атай алмаған еді.