Орталық Азияда бір тәулікте үш рет жер сілкінді

Сырым Қаржас

Орталық Азияда магнитудасы әртүрлі жер сілкіністерінің сериясы тіркелді. Сейсмологиялық қызметтер Қырғызстанда, Тәжікстанда және Қытайдың шекаралас аудандарында болған жер сілкінісі туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

БІРІНШІ ЖАҒДАЙ

Геофизикалық зерттеулер институты Қазақстан ұлттық деректер орталығының мәліметінше, алғашқы жер сілкінісі Астана уақытымен 10:45-те болған. Оның магнитудасы 4,8 болды. Жер сілкінісінің ошағы Қытай мен Қырғызстан арасындағы шекаралық аймақта орналасқан. Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер сілкінісінің нақты ошағы Қытайдың Тумхук қаласынан солтүстік-батысқа қарай 169 шақырымда және Қырғызстандағы Қызыл-Суу ауылынан оңтүстікке қарай 140 шақырым жерде тіркелген.

ЕКІНШІ ЖАҒДАЙ

Екінші жер сілкінісі Тәжікстан аумағында Астана уақытымен 13:33-те тіркелді. Бұл сейсмикалық эпизод күннің ең күштісі болды - магнитудасы 6 баллға жетті. Жер сілкінісінің ошағы Қаракенжа ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан.

ҮШІНШІ ЖАҒДАЙ

Соңғы жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 15:06-да Қытайда болды. Магнитудасы 4,9 болды. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 368 шақырымда және Қытайдың Ақсу қаласынан солтүстік-шығысқа қарай небәрі 90 шақырым жерде болған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл аймақтардан зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет жоқ. Сейсмологтар жағдайды бақылауды тоқтатпады.

Еске сала кетсек, бұған дейін 17 қараша күні Жапон аралдарына жақын маңда 6 балдық жер сілкінген. Сондай-ақ 16 қараша күні Түркияның солтүстік-шығысында 4,9 балдық жер сілкінісі тркелді.