Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак миллиардтаған долларды жымқыру ісі бойынша сотталып, енді жазасын түрмеде емес, үйінде өтейді. Саясаткердің Қазақстанмен де байланысы бар. Оның қызы Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелінің ұлына тұрмысқа шыққан. Малайзия соты оны үйқамаққа ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Наджиб Разак 2009-2018 жылдары Малайзия үкіметін басқарды. Ол премьер-министр болған тұста 1MDB мемлекеттік инвестициялық қоры құрылды. Кейін бұл қор елдегі ең ірі жемқорлық дауларының біріне айналды.
Қор инвестиция тарту және экономиканы дамытуға қаржы бөлу мақсатында құрылған. Алайда одан 4,5 миллиард долларға дейін қаражат шығарылған. Малайзия прокуратурасының мәліметінше, бір миллиард доллардан астам ақша Разактың өзімен байланысты шоттарға түскен.
Премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін саясаткер тергеуге алынды. Сот оны жемқорлық пен қаржылық алаяқтыққа қатысты бірнеше эпизод бойынша кінәлі деп таныды.
2025 жылғы желтоқсанда істердің бірі бойынша ол 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы сомасы 2,8 миллиард доллар болатын айыппұл төлеуге міндеттелді.
Разак тағылған айыпты мойындамайды. Ол өзін ауқымды қаржылық алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, сот үкіміне шағым түсірді.
Король үйқамаққа ауыстыруға рұқсат берді
Оқиғаға корольдің кешірім жасауы жаңа өзгеріс әкелді. Осы шешімнен кейін бұрынғы премьер түрмеден үйқамаққа ауысуға мүмкіндік алды.
Бастапқыда Разак 6 қарашада үйіне жіберілуі керек еді. Сол уақытқа дейін кешірім шарттарында көрсетілген айыппұл да төленген еді.
Алайда соңғы сәтте Малайзияның бас прокуроры араласып, оны үйқамаққа ауыстыруды тоқтатты. Ол король шешімі мен сот қаулысын заң тұрғысынан түсіндіруге қатысты сұрақтар бар екенін алға тартты.
Келесі күні король Сұлтан Ибрагим бұл жағдайға байланысты ескерту жасады. Оның айтуынша, жарлығы анық болған және оны екіұшты түсіндіруге негіз жоқ. Сондай-ақ король өз шешіміне қарсы шығу оның билігіне бағынбау ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті.
10 қарашада Малайзияның Жоғарғы соты Разакты дереу үйқамаққа ауыстыруға рұқсат берді. Бұл туралы мемлекеттік Bernama агенттігі хабарлады.
Разактың Назарбаевтар отбасына қандай қатысы бар?
Бұл оқиғаның Қазақстанға да қатысы бар. 2015 жылы Малайзияның бұрынғы премьер-министрінің қызы Нурьяна Наджва Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шықты. Ол БАҚ-та Данияр Назарбаев деген атпен де аталған.
Даниярдың анасы Майра Кесікбаева бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевпен некеде болған.