АҚШ пен Украина Ресеймен келіссөздер жүріп жатқан тұста соғысты тоқтату мәселесін талқылады

Instagram / secrubio

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Парижде кездесті. Бұл уақытта Киев, Мәскеу және Вашингтон өкілдері Абу-Дабиде бейбіт келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Вашингтон ұзақ мерзімді бейбітшілікке мүдделі

Кездесу 10 қарашада G7 елдері сыртқы істер министрлерінің келіссөздері аясында өтті. Әңгімеден кейін Марко Рубио әлеуметтік желідегі парақшасында кездесуді нәтижелі деп бағалады.

– Біз Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздердің барысын, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты талқыладық. АҚШ берік әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге басымдық беріп отыр, – деп жазды АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

Сибига не айтты?

Андрей Сибига кездесудің егжей-тегжейін бөлісті. Оның айтуынша, Рубиомен АҚШ-тың арағайындығымен өтіп жатқан соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер мен майдандағы жағдайды талқылаған.

Тараптар Қара теңіздегі қауіпсіздік және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін еркін кеме қатынасын қалпына келтіру мәселелерін де қозғаған.

Украина Сыртқы істер министрі Киевтің Вашингтонмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

– Украина АҚШ-пен қауіпсіздік және экономика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп өндіру және болашағы бар экономикалық жобалар да бар, – деді Сибига.

Кездесуде Украинаның қорғаныс қабілетін нығайту, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін күшейту және қысқа дайындық мәселелері де талқыланды. Сибига Рубионы Украинаға тағы да шақырды.

Келіссөздер қай жерде өтіп жатыр?

Париждегі кездесу Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің Абу-Дабиде өтіп жатқан келіссөздерінің жаңа кезеңімен тұспа-тұс келді.

Оған Рустем Умеров бастаған Украина делегациясы, Владимир Мединский бастаған Ресей делегациясы және АҚШ өкілдері, соның ішінде Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысып жатыр.

Үшжақты кездесуге дейін Украина делегациясы Еуропа елдерінің, НАТО-ның, Еурокомиссияның және АҚШ-тың өкілдерімен кеңес өткізді.

Сізге қызық болуы мүмкін