Әскердегі қайғылы жағдай: Ақтөбеде сарбаз өз-өзіне қол жұмсады

Сырым Қаржас

Ақтөбе гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде әскери қызметші өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Бұл туралы Ақтөбе гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Осы жылдың 23 қарашасында Ақтөбе гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қарауылдық қызмет атқару барысында мерзімді қызметтегі сарбаз бекітілген қарудан өзін-өзі атып, суицид жасады", – делінген баспасөз хабарламасында.

Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып жатқандықтан, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, деп қосты баспасөз қызметі.

Құрлық әскерлері қолбасшылығы қаза тапқан сарбаздың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Еске сала кетсек, биыл бұған дейін елімізде 7 әскери қызметкер өз-өзіне қол салған.

Ал Қазақстан армиясында 4 жыл ішінде 90-ға жуық суицид жасалған.

Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курста оқитын курсант өз-өзіне қол салған болатын.

Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің пікірінше, сарбаз өлімі үшін әскери бөлім басшыларын трибуналға жіберу керек.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Қазақстандағы әскери қызметшілерге қатысты қайғылы оқиғаларға түсініктеме берді.