"ДАТ" газеті бір мүшесі саналатын «ICIJ» Журналистердің халықаралық тексеру консорциумының зерттеуі бойынша, Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін сыртқы нарықта шетелдерде тіркелген әртүрлі компаниялар саудалайды. Конституциялық талап негізінде халықтық меншік саналатын пайдалы қазба өнімдерінің экспортына неге әлдебір түсініксіз субъектілер иелік етуі тиіс? Мұндай сауалды мәжілістегі үкіметтік сағатта депутат Ермұрат Бапи көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЕТЕЛДЕ ТІРКЕЛГЕН
Депутаттың айтуынша, қазақ мұнайын әлемдік нарықта саудалайтын ең ірі «Vitol» компаниясы Швейцарияда тіркелген. «ҚазМұнайГаз Трейдинг» компаниясы да сол Швейцарияның резиденті.
Сол сияқты, «ТенгизШеврОйл» өндіретін Теңіздің мұнайын Нидерланды елінде тіркелген «ҚазМұнайГаз-Финанс» трейдері экспорттық саудаға шығарады.
Қашағанның мұнайын тағы бірнеше шетелдік компания экспорттайды.
Дәл сол сияқты трейдерлер: «ЕуразианОйл» мен «ПетроЧайна Интернешнл» – Сингапурда тіркелген.
“Шет елдерде тіркеліп, ішкі қазақстандық нарық пен әлемдік баға арасындағы мұнайдың маржасынан түскен пайданың қызығын көріп отырған ондаған шетелдік компания бар.
Және тағы да сол «АйСиАйЖи» концорциумының зерттеуіне қарағанда және бұл көпшілікке белгілі – «Vitol» сауда-трейдерлік компаниясының иесі – аты-жөні әйгілі олигарх Тимур Құлыбаев. 22 шет мемлекетте тіркелген 200-ден астам компанияда Тимур мен оның командасының үлесі бар екен.
Тойым қайда? Қанағат қайда? Халыққа да бірдеңе қалдыру керек қой!” дейді депутат.
ҚҰЛЫБАЕВ ПЕН ШӘРІПБАЕВ
Ермұрат Бапи жуықта Тимур Құлыбаев тағы да 500 миллиардтан астам активті ақшалай қайтарып берді деген сыбыс тарағанын атап өтіп, бір миллиард доллар бағамына сәйкес бұл актив Тимурдың компаниялар тобы 20 жылдан астам уақыт бойы шетке шығарған байлықтың оннан бір бөлігі болар ма екен?” деген сауал тастайды.
“Ал енді көпшілікке белгілі: біздің елдің мұнайы СВОП сауда тәртібі бойынша шекараға дейін ішкі қазақстандық нарықтың бағасымен сатылады да, шекарадан арыда мұнайдың әлемдік бағасы бойынша саудаланады. Екі аралықтағы маржа шет елдерде тіркелген трейдердің пайдасына түседі немесе офшорлар мен шетелдік банкілерде шөгіп қалады.
Бұл екі арада және биылғы жылы біздің ел тартқан табиғи апаттан мемлекеттік бюджет орасан зор тапшылыққа тап болды, енді елдің әлеуметтік сұранысын өтеу үшін Ұлттық қорға қол салдық. Тіпті, бюджеттің жыртығын жамау үшін, шетелдік банкілерден несие алып, (таяуда ғана Еуропа реконструция және даму банкінен алған бір миллиард долларға жуық инвестицияны есіңізге алыңыз) еліміздің сыртқы қарызын тағы да еселей түстік” дейді ол.
Депутат дәл қазір елдің бюджеттік және әлеуметтік сұранысын өтеудің қосымша екі жолы бар деп санайды. Бірі – ұрланған активтерді жедел түрде елге қайтару; екіншісі – елдегі пайдалы қазбаларды сыртқы нарықта саудалау тәртібін мемлекеттік мүдде тұрғысында тәртіпке келтіретін бірегей оператор құру.
Пайдалы қазба дегенде, мұнай мен газдан басқа, полиметаллдың, хромның, қорғасын мен мырыштың, сирек кездесетін металлдың нақты экспортық-қаржылық есебі қоғамға тағы да беймағұлым.
“Мен былтырғы жылы газ экспортына қатысты депутаттық сауал жолдап, олигарх-күйеу Қайрат Шәріпбаевтың Қазақстандағы компаниясы мен оның қызының атына шетелде тіркелген трейдинг арасында ымыра барын айтып, ішкі нарық пен әлемдік баға арасындағы пайда жеке қалтаға түсіп жатқанын тексеруді талап еткен едім. Оған Бас прокуратура әдеттегідей бастан-аяқ жалтарма жауап берді.
Сол сияқты өткен жылдары біз Ресеймен бірегей газ нарығын құрдық. Бірақ, мысалы үшін, Ресей біздің газдың текше метрін 40 – 50 долларға алатын болса, әлемдік нарыққа 300 – 350 доллармен сатып отыр. Айырмашылық жер мен көктей” дейді депутат.
“ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ КЕРЕК”
Мәжілісмен осындай әділетсіз және халық үшін қиянатты сауданың, әлдекімдерді қисапсыз байытып отырған сауда-саттықтың жолын кесіп, пайдалы қазбаларды экспорттаудың бірегей Ұлттық операторын құру керек.
“Бізде мұнай өндіретін ұлттық компаниямыз бар; мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайтын ұлттық оператор бар; ендеше, сол өнімді сыртқы нарықта саудалайтын бірегей ұлттық орталық неге жоқ?” деген ол осындай ортақ орталық құрғанда ғана мемлекет шикізат экспортын халықтық мүдде тұрғысында реттеп, бюджеттің түсімін түгендей алады дегеп пайымдайды.
Ол сондай-ақ егер бұл ретте тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, парламент үкіметтің ұсынысын дереу қарастырып берері даусыз екенін атап өтті.