ОПЕК+ құрамындағы жеті ел мұнай өндірудің нысаналы көлемін арттыру туралы келісімге келді. Бұл туралы альянстың өзі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨЗГЕРІС МАМЫРДА КҮШІНЕ ЕНЕДІ
3 мамыр күні Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман онлайн форматта кездесу өткізіп, әлемдік мұнай нарығындағы ахуал мен алдағы үрдістерді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге ұлғайтуға уағдаласты. Бұл шешім нарық тұрақтылығын сақтау жөніндегі ортақ міндеттемелер аясында қабылданған. Өзгеріс 2026 жылдың маусым айынан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар, қатысушы елдер нарықтағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, бағалап отыратынын мәлімдеді.
КЕЛЕСІ КЕЗДЕСУ МАУСЫМҒА ЖОСПАРЛАНДЫ
Тараптар Ынтымақтастық декларациясын толық орындауға бейілді екенін тағы бір мәрте растады. Оның ішінде өндіру көлеміне қатысты қосымша ерікті түзетулер де қарастырылған. Бұл үдерісті Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) қадағалайды.
Сондай-ақ елдер 2024 жылдың қаңтар айынан бері қалыптасқан артық өндіру көлемдерін толық өтеуге ниетті екенін жеткізді.
ОПЕК+ құрамындағы аталған жеті мемлекет нарық жағдайын, міндеттемелердің орындалуын және өтем шараларын талқылау үшін ай сайын кездесіп отырады. Келесі кездесу 2026 жылғы 7 маусымға жоспарланған.
КОНТЕКСТ
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ келісімінен шығатынын мәлімдеді. Әлемдік мұнай нарығында қызу талқыланып жатқан бұл шешім Қазақстанға қалай әсер етеді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл мәселені сарапшымен талқылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БАӘ OPEC және OPEC+ құрамынан шығады: мұнай нарығын не күтіп тұр?