2024 жылы ресми Киев Норвегиядан 2,4 миллиард доллар алды, бірақ келесі жылы премьер-министр Йонас Гар Стёре оны 2,7 миллиард долларға дейін арттыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz NRK телеарнасына сілтеме жасап.
Дегенмен Норвегия үкіметі мен оппозициясы елдің Киевке ресейлік басқыншылығына қарсы күреске қаншалықты көмек көрсетуі керектігі жөніндегі ұстанымдары екі бөлек.
2025 жылға арналған бюджет жобасында Украинаға көмек көрсету үшін бар болғаны 15 миллиард норвегиялық крон бөлу ұсынылды. Алайда оппозиция мұны тым аз деп есептеп, бұл соманы 45 миллиард кронға дейін арттыруды талап етіп отыр.
Парламент көшбасшыларымен болған кездесуден кейін премьер-министр Йонас Гар Стёре үкімет 30 миллиард кронға (2,7 миллиард доллар) дейін екі есеге арттыруды ұсынып отырғанын айтты.
«Украинадағы жағдай барынша алаңдатарлық. Біз Норвегияның Украина күресінің нағыз әрі жетекші жақтаушысы болғанын қалаймыз», дейді Норвегия премьер-министрі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруі екі елге де ауыр шығын әкелген ұзаққа созылған соғысқа айналғанын және Украинаның серіктес елдері де соғыстың әсерінен қажи бастағанын жазғанбыз. Ал әскери және қаржылық көмек бәсеңдегендіктен, Украина әскері Ресейдің шабуылына төтеп беру үшін өз күшін сақтауға мәжбүр болып отыр.
Дегенмен 2024 жылдың қазан айында АҚШ Украинаға 400 миллион доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді. Яғни Пентагон басшысы Киевке сапары кезінде Украинаға жаңа әскери көмек пакетін бөлетінін жариялады.