Ресеймен ортақ тарихшылар тобы не туралы жазады: министр жауап берді

Ғалиасқар Думан

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ulysmedia.kz тілішісне Қазақстан мен Ресей ғалымдары тарихты бірлесіп жазады деген ақпаратқа байланысты пікір білдірді.

Коллаж Ulysmedia.kz

– Қазақстан мен Ресейдің “ортақ тарихшылар тобы” жұмыс істейтіні айтылды. Кремльдің қазақ тарихын өзінше жазуына қарсы позициялары да бар. Олардан бөлек өз тарихымыз бар. Бұл жерде Ғылым және жоғары білім министрлігі қалай қатысады? Бұл топ қандай тарихты жазады?

– Біріншіден, арнайы комиссия құрылды деген жалған ақпарат. Ондай комиссия да жоқ. Ұлттық тарихты шетелдік мемлекетпен ортақтасып жазу деген ақпарат жалған. Иә, Ресей және Қазақстан тарихшылар тобы бар. Бірақ ол таза ғылыми топ. Мақсаты – біліммен айналысу, археологиялық қазбамен, экспедициялық жұмыстармен айналысу. Қазір Алтай төңірегінде бірлескен үлкен жоба басталған. “Ұлы Алтай” деген көне түркі тайпаларға, қағандықтарға қатысты бірлескен зерттеулер бар. Ресей тарапынан да көршілес Батыс Сібірде, Алтайда жаңа экспедициялардан археологиялық жақсы жаңалықтар шығып жатыр. Сондықтан, солардың алмасу тақырыбы бар. Бұл таза ғылыми байланыс. Ғылыммен, жаңа ізденіспен айналысу мақсатында құрылған.

– Олар зерттеуінде бүкіл тарихты қамти ма?

– Жоқ. Отырысында әдістемелік сұрақтар да көтеріледі. Қазіргі таңда жеті томдық үлкен хрестоматиялық оқулық жазылып жатыр. Келесі жылы жарияланады. Сол үлкен жұмыстың аясында Ресей, Иран, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Түркиядан көп ғалымдармен жұмыс істедік.

– Солардың жұмысының қорытындысы біздің оқулықтарда, оқу бағдарламаларында қолданыла ма?

– Келесі жылы сол үлкен жеті томдық оқулық жарияланған жағдайда оқулықтарға, ғылыми мақалаларға, монографияларға үлкен бір қайнар көп болады деген сеніміміз бар. Неге десеңіз, жеті томдық жоба бұрын зерттелмеген жаңа фактілермен толтырылады. Соңғы 20 жылда өткізілген жаңа археологиялық экспедициялар нәтижелерімен толықтырылады. Бізге бұрын қолжетімді болмаған жаңа архивтерді ашып отырмын. Иранда, Қытайда! 

Өте үлкен сүйінші: екі күн бұрын Ватиканға тарихшы “Шығыстану” институтының директоры Дүкен Мәсімханұлының жетекшілігімен біздің үлкен бірінші тобымыз аттанды. Ватикан алдыңғы жылы қол қойылған келісімшарт негізінде Ватиканда бұрын жабылған архив, мұражайларға толыққанды қолжетімдікті бізге берді. Біздің бір топ ғалымдарымыз шықты. Өте жақсы нәтижелерді күтудеміз. Ватиканның елшілері, миссионерлерінің жазған, жинаған дереккөздері, есептері бізге толыққанды беріледі.

Бұған дейін тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы Қазақстан-Ресей тарихшыларының жиыны өтіп, ол жерде “Ресей тарихшылары қазақ тарихшыларына ортақ тарихымызды жазайық” деп ұсыныс айтқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, жиында тарихта 19 ғасырда қазақ жерінің отарлап алынғаны, қазақ жерін тәркілеп алғаны, қазақтың мәдениетін тас-талқан етіп, ашаршылық ұйымдастырғаны туралы жазылмасын. Ресей мен Қазақ хандығының қосылуын Ресей империясы тарапынан мәдени жаңғырту ретінде қарастырайық деген әңгіме болған.