Көл сатамыз: 757 мың теңге немесе көлге айналған көз жасы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ақмола облысы Мортық ауылының тұрғындары округтегі жалғыз көлге жете алмай отырғанын айтады. Бірнеше жыл бұрын су айдыны жеке меншікке өтіп, жаңа қожайыны «жекеменшік» деген жазуы бар тақтайшалар орнатқан. Көлге рұқсатсыз жақындағандар айыппұл төлейді. Бірақ бұл – жергілікті жұрт аңғарған күмәнді жайттардың тек бір парасы ғана. Ulysmedia.kz ауыл халқы мен жекеменшік бизнес арасындағы тартыс туралы баяндайды.

Сотқа да сот керек

Ауыл тұрғындары суды пайдалануға құқықты қайтару үшін сотқа жүгінген. Алайда Ақмола облысының мамандандырылған экономикалық соты олардың талабын елеусіз қалдырған. Енді заңгерлер апелляцияға беруге дайындалып жатыр. Олардың айтуынша, көл бизнесменге жалған құжаттар арқылы берілген.

Екі қармақ, бес ілмек

Instagram-парақшада 3-4 мың теңгеге көлде 12 сағат балық аулауға болатыны туралы хабарландыру ілінген. Демалушыларға екі қармақ пен бес ілмек беріледі. Сондай-ақ тәулігіне 15-40 мың теңгеге жалға берілетін үйшіктер бар. Көл Астанадан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан.

Сырт көзге таптырмас демалыс орны секілді. Бірақ Мортық ауылының тұрғындары бұған үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, көл – ауылдан 60-70 метр қашықтықтағы жалғыз су көзі. Бұрын осы судың арқасында жұрт көкөніс егіп, мал баққан. Көлде балық, соның ішінде қарабалық болатын, жергілікті тұрғындар өз қажетіне қарай еркін аулайтын. Енді жол жабық, ал жұрт көлден ештеңе қалмайды деп алаңдайды.

Ауыл тұрғындарының пікірінше, Мортық көлі өндірістік көлемде балық өсіруге жарамсыз, себебі тереңдігі 1,5 метрден аспайды. Оның үстіне тұрғындар балық шаруашылығы емес, керісінше, жағалауда демалыс аймағы салынғанын айтады: келушілер шулап, от жағып, демалады, ал уәде етілгендей кәсіби балық өсірумен ешкім айналыспайды.

Ауыл тұрғындары ғылыми қызметкер ме?

Бұл істі басынан бері жүргізіп келе жатқан заңгер Талғат Құсдәулетов редакцияға сот процесін баяндап берді. Оның сөзінше, Мортық көлін 49 жылға жалға беру аукционы «ғылыми зерттеу актісіне» сүйене отырып өткізілген. Бірақ бұл акт өте көп күдік тудырады.

Құжатта зерттеуді В.И. Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қор, «Астана-Финанс Групп» ЖШС және үш ауыл тұрғыны – Мехнова Г.М., Карабчук Р.С., Борисов Е.Ю. жүргізгені жазылған. Бірақ ауыл тұрғындарының мұндай ғылыми жұмыс жүргізуге еш мүмкіндігі де, біліктілігі де болмаған.

– Ойланып көріңіздер, ғылыми зерттеу жүргізді деп үш ауыл тұрғынын көрсеткен. Біз 2023 жылы бұл мәселені көтергенде, олар нотариалды бейнежазбада ешқандай зерттеу жүргізбегенін және тек орта білімдері бар екенін айтты, – дейді Құсдәулетов.

Заң бойынша су айдынын ресми зерттеумен айналысу үшін ұйымның республикалық немесе өңірлік деңгейде аккредиттелген зертханасы және кемінде бес тәжірибелі маманы болуы тиіс. Олар – ихтиолог, гидробиолог, эколог, гидрохимик секілді мамандар болуы шарт. Үш ауыл тұрғыны мұндай талаптарға мүлде сәйкес келмейді.

Комитеттің ресми жауабына сәйкес, аталған ұйымдардың мұндай зерттеу жүргізуге құқығы да болмаған. Вернадский қоры гранттық бағдарламалар жүргізуге ғана аккредиттелген. 

– Яғни, біздің ойымызша, көл заңсыз берілген, – дейді заңгер.

Құсдәулетов соттан барлық құжаттың толық топтамасын талап еткен. Экономикалық сот бұл өтінішті қанағаттандырғанымен, қарсы тарап бірде-бір құжат ұсынбаған.

Уәдеге мырза министр

Мортық тұрғындары Президент әкімшілігінен өзге барлық мекемеге жүгінген. Бірақ олардың талабына әкімдік те, экология министрлігі де назар аудармаған. Ауылдықтар экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қабылдауында да болған. Ол мәселені шешуге уәде еткен, бірақ әлі нәтиже жоқ.

Өңірлік әкімдік пен табиғи ресурстар басқармасы сотта бәрі заңды өтті деп мәлімдеген. Прокуратура да ауыл тұрғындарының талабын қанағаттандырмауды сұраған.

Мәселе майшелпек субсидияда ма?

Адвокат пен тұрғындардың пайымынша, шенеуніктердің үнсіздігі жай ғана немқұрайлылық емес. Олардың айтуынша, смартфон бағасына сатылған көл кәсіпкерге орасан табыс әкелуі мүмкін.

Экология министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекет келесілердің шығынын өтейді:

  • жем-шөптің 30%-ы;
  • балық шабағын сатып алудың 50%-ы;
  • дәрі-дәрмек пен жабдықтың 50%-ы;
  • аналық балық қорын ұстау мен сатып алудың 50%-ы.

Сондықтан құжат жүзінде көлде міндетті түрде «балық шаруашылығы» болуы керек. Талғат Құсдәулетовтің айтуынша, әзірге кәсіпкер сот дауы салдарынан субсидия алмаған. Бірақ дау басылған бойда ақша алатынына күмән жоқ. Ал балық жіберуді нақты тексеру өте қиын.

– Олар шын мәнінде балық жіберді ме, жоқ па, оны қалай дәлелдейсің? Бұл – жемқорлық тәуекелі жоғары мәселе, – дейді заңгер.

«Инвесторлар қорқып кетті»

Редакция кәсіпкер Серік Жүсіповпен де сөйлесті. Ол көл аукционға екі рет қойылғанын, екінші ретте өзіне бұйырғанын айтады.

– Бағасы 30-70 мың теңге шамасында болды, – дейді ол.

Бірақ Жүсіповтің айтуынша, бастапқыда Новосібірден келген инвестор 300 млн теңге салып, бекіре мен аққайран өсіретін толыққанды зауыт салуға дайын болған.

– Алабалық өсірмек едік. Бірақ жергілікті тұрғындар өз мүддесін ойлап, маған қарсы шыға бастады. Адвокат жалдап, ақша жинап, әдейі бизнесімді тоқтатуға тырысты, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, инвесторларға көліктерін өртейміз деген қатерлі хабарламалар да түскен. Сондықтан олар жобадан шыққан.

– Біз ешқандай қоршау қойған жоқпыз. Көлге баруға тыйым салған да жоқпыз, – дейді Жүсіпов.

Көлдің құны 757 мың теңге

Қақтығыс 2022 жылы басталған. Есіл облысаралық бассейндік инспекциясы Мортық көлін 49 жылға жалға беру аукционын өткізген, алайда тұрғындарды ол туралы алдын ала хабардар етпеген. Аукцион жеңімпазы – астаналық кәсіпкер Серік Жүсіпов. Мемлекет көлді оған 757 257 теңгеге берген.

В.И. Вернадский атындағы қор түсініксіз ұйым болып шыққан: сайты да, байланысы да жоқ. Тек бір жерде – Астанадағы Кіші Талдыкөлі дауы кезінде жалған қорытынды жасағаны туралы ақпарат бар. Онымен аттас ұйым Ресейде де бар, бірақ олар қазақстандық қорға қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеген.

Ал «Астана-Финанс Групп» ЖШС ашық дереккөздерге сенсек, ғылыми зерттеумен емес, күзет қызметімен айналысады. Неге дәл осы екі ұйым тұтас бір ауылдың тағдырын шешкені түсініксіз. Ең сорақысы – бұл мәселе ауыл тұрғындарынан өзге ешкімді алаңдатпай отыр.