Қазақстандық әндер Instagram-нан жоғалып кетті: Министрлік түсінік берді

Ғалиасқар Думан

Әділет министрлігі қазақстандық музыкалық туындылардың Instagram-нан жоғалып кетуіне байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

Әлеуметтік желіден "Қазақстан авторлық қоғамы" (ҚазАҚ) атты ұйыммен жұмыс істейтін әртістердің әндері алынып тасталған. Бұл ұйым авторлық құқықтарды басқару бойынша қызмет көрсетеді. Белгілі болғандай, ҚазАҚ Meta компаниясынан, яғни Instagram иесінен, төлем мөлшерін арттыруды талап еткен. Ұйым келісім бар екенін мәлімдегенімен, егжей-тегжейлі ақпарат бермеген.

– ҚазАҚ қандай құқықтар мен қандай сома туралы айтып отырғанын түсіндірген жоқ. Қазіргі уақытта басқа ұйым да Meta-мен келісім жасауға мүдделі, тиісті сұрау жолданған. Мәселені шешу үшін тараптардың мүддесін ескере отырып келісім жасау қажет, – деп мәлімдеді министрлік informburo.kz порталына.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда осындай 15 ұйым бар, оның жетеуі аккредиттелген. ҚазАҚ 2020 жылдың 26 қарашасында бес жылға аккредитация алған.

– Аккредитация авторлардың мүддесі үшін келісімшарт жасау құқығын береді. Бірақ ұйымдар авторлармен келісім болмаған жағдайда да жиналған төлемдерді үлестіруге және төлеуге міндетті, – деп атап өтті ведомство.

Заңға сәйкес, мұндай ұйымдар жиналған роялтидің бір бөлігін өз шығындарын жабуға жұмсай алады, бірақ ол жалпы соманың 30%-ынан аспауы тиіс.