Қызылорда облысының аудандық соты блогер Сандуғаш Тұрлыбекованы бопсалау фактілері бойынша 4,8 жылға бас бостандығынан шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫ БОПСАЛАҒАН
Сондай-ақ сот оған осы аралықта әлеуметтік желіге кіруге тыйым салды.
Еске салсақ, блогер Сандуғаш Тұрлыбекова 2020 жылы Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы «Ханның қызы» деп атаған болатын. Өйткені әкім аймақтарды аралап жүрген кезде жолды жапқан еді.
Сандуғаш Тұрлыбекова арада төрт жыл өткенде ұсталған. Тергеу анықтағандай, ол әлеуметтік желіде белгілі бір лауазымды атқарып отырған адамдарға қатысты сыни жазбалар жариялаған. Жазбаларын өшіру үшін сол адамдардан ақша талап еткен.
СОТ ҮКІМІ
Тұрлыбекованың үстінен бас-аяғы сегіз адам осы бап бойынша арызданған. Дегенмен алты адам келісімге келіп, арыздарын қайтып алған. Екі адам істі сотқа жеткізіп, Тұрлыбекованың ақша бопсалағанын дәлелдеген.
Аудандық сот блогер әйелді 4,8 жылға бас бостандығынан шектеп, әлеуметтік желіге кіруге тыйым салды. Моральдық шығын ретінде Тұрлыбекова оларға жалпы сомасы 300 мың теңге төлеуі керек.
Соттың шешімі күшіне енген.
Еске салсақ, бұған дейін Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары Тоқаевтан көмек сұраған болатын.