Көкшетауда күйеуінің қорлығынан әйел асылып өлген: полиция істі тоқтатып тастаған

Сырым Қаржас

Іске прокурорлар араласып, қылмыстық іс қайта қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Ақмола облысы прокуратурасының хабарлауынша, Көкшетау қаласы прокуратурасының принципиалды ұстанымы нәтижесінде бұрын қалалық полиция тоқтатқан іс қайта қозғалған. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкеріне тапсырылған. Ол іс-әрекеттерді үйлестіру және қалалық прокуратураның қадағалауымен болған оқиғалардың шынайы мән-жайын және өз-өзіне қол жұмсау себебін қалпына келтіре алған.

– Тергеу нәтижесінде «И» деген Красный Яр ауылының тұрғыны жүйелі қорлау, ұрып-соғу және басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы 7 жыл бойы азаматтық некедегі әйелі «С»-ке физикалық және психикалық азап әкелгені анықталды. Бұл – оның өз-өзіне қол жұмсауының қайғылы салдарына апарып соққан. «И» азаматының әрекеттері ҚК-тің 105-б. 2-б. 1-т. (өзі-өзі өлтіруге дейін жеткізу) 110-б. 2-б. 1-т. (жүйелі қинау) сәйкес сараланды. ҚК 105-б. 2-б. санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны, ҚК 110-б. 2-б. санкциясымен төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, – делінген хабарламада.

Күдіктінің ісі Көкшетау қалалық сотына жіберілді.