«Орыс тілді, асфальтта өскен сізге түсіну қайда»: продюсер «Оян, қазақты» сынаған Сейітовке жауап берді

Сырым Қаржас

"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің авторларының бірі Айсәуле Әбілда аталған туындыны сынаған режиссер Айсұлтан Сейітовке жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

“СІЗДІҢ ЖОЛ ҚАШАННАН ДАҢҒЫЛ”

Бұған дейін сұхбат берген режиссер Айсұлтан Сейітов “Оян, қазақ” фильмі халықтың ішінде адамдардың бойында ашу мен агрессия туғызғанын байқағанын айтқан еді. Айсәуле Әбілдә оның бұл пікірімен келіспей, олай деу үшін алдымен сауалнама жүргізілді ме, қорытынды жасалды ма деп сұрақ тастады.

– Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол “Оян, қазақ” кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін иммунитетіңіз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл, – дейді ол.

Айсәуле Әбілдә біздің ішіміздегі ол сезім “Оян, қазақ” түсірілмесе де болған, оның кинотеатрдағы уақыты бітіп кетсе де бола береді дейді. Ол сезімдерді таза қазақ тілді адамдар банкте, әуежайда, басқа да қоғамдық орындарда, жұмыс орнында жеке-жеке бастан кешіп жүретін, бұл фильм соны кинотеатрға барып шығаруға мүмкіндік берген.

– “Оян, қазақ” бізге ішкі сезімдеріміз бен тарихи травмаларымызға топтық терапия жасауға ғана көмектесті, әйтпесе ол фильмнен кейін ешкімнің көзі шығып, беті іскен жоқ. Ондай ұжымдық терапияның біздің жанымызға қаншалықты қажет болғанын 27 жасына дейін қазақ тілін ағылшын секілді судыратып сөйлеп кете алмаған сіз сезіне алмайсыз. 30 жасқа жеткен кез келген адамға “осозанность” деген күй келеді, дәл сол секілді тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толғанда бізге де сондай кезең келіп тұр дәл қазір, “Оян, қазақтың” жазығы сонымен тұспа-тұс келгені шығар. Біз секілді қазақы адамдарға ең болмағанда кино арқылы сезімімізді шығаруға рұқсат берсеңіздер жөн еді. Жалпы, пікіріңізге рахмет, алайда біз онымен келісе алмаймыз. Біздің қазақы қоғамның есейгені соншалық, өз туған еліне құрмет ретінде қазақ тілін еркін сөйлеуді осы күнге дейін үйрене алмаған адамдардан ақыл қабылдай алмай қалғанбыз, мейлі ол әлемнің режиссері болса да, – дейді Айсәуле Әбілдә.

«МІРЖАҚЫП. ОЯН, ҚАЗАҚ!»

Еске салсақ, 2023 жылы қыркүйек айында  «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларға шықты. Фильмде Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды. Екі апта прокаттан кейін тоқтап қалған фильм көпшіліктің сұрауымен тағы екі аптаға ұзартылды. Туынды ел аумағында үлкен дүмпу туғызды. Деколонизация тұрғысынан аталған фильм қоғамда үлкен жұмыс атқарды деуге болады.