Ұлттық интерпол бюросы мен прокуратура бірлесіп активтерді қайтарумен айналыспақ

Ғалиасқар Думан

Астанада Ішкі істер министрлігі Интерпол Ұлттық орталық бюросы мен ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz министрліктің ресми интернет ресурсына сілтеме жасап.

Фото: polisia.kz

Жарияланған хабарламада бұл қадам экономикалық қылмыстармен және активтерді заңсыз шығарумен күресте ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғаны айтылады.

Меморандум аясында тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру, активтерді қайтару және заңсыз қаржы операцияларының жолын кесу саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін күш біріктіруге келіскен.

– Меморандум ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару бойынша жаһандық күш-жігерді нығайтуға деген шешімімізді көрсетеді, – деп атап өтті ІІМ Интерпол ҰОБ-ның бастығы Мерей Мақұлжан.

ІІМ мұндай серіктестік халықаралық тергеулерге қолдау көрсету және мемлекеттер мен олардың азаматтарына тиесілі қаражатты қайтару арқылы экономикалық қылмыстарға неғұрлым жедел және тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретіне сендіреді.

Өзара көмек туралы меморандум елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ортақ міндеттерді шешу үшін ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен тұрақты платформа құруға негіз қалайды деп күтіліп отыр.