«Бәлкім, себеп гаджеттерде шығар»: СҚО әкімі сепаратистік көңіл-күй жайлы не дейді

Сырым Қаржас

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзі басқарып отырған өңірдегі сепаратистік көңіл-күйдің себебі жайлы сұраққа жауап берді. Әкімнің сөзінше, бұған гаджеттер мен түрлі ақпараттар себеп болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Нұрмұхамбетовтың айтуынша, әкімдік пен құқық қорғау органдары алдын алу жұмыстарын жүргізеді. 

– Мүмкін, бір жерде, бақытымызға орай, бүгін де мұндай жайттар көп емес. Былтыр бұл мәселені көтерген адамдар сотталғанын білесіздер. Сондықтан, мұндай жиі кездеседі деп айтуға келмейді. Ал профилактикалық қызметке келер болсақ, полиция департаменті бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары бар, әртүрлі сөздер айтылады, оларды гаджеттерден көреді. Көп мәселе арандатушылық сипатқа ие. Біздің азаматтарымыздың санасы мен күш құрылымдары жүргізіп жатқан жұмыстардың арқасында мұндай жайттардың аз кездесетіні қуантады, - деді әкім.

ГАДЖЕТТЕР КІНӘЛІ  

Ulysmedia.kz әкімнің ақпаратын нақтылап, неге сепаратистік көңіл-күй көбінесе Солтүстік Қазақстанда сезілетінін сұраған. Нұрмұхамбетов бұған гаджеттер ықпал ететінін айтады.

– Мүмкін, гаджеттер шығар. Жаппай сипат жоқ, - деді ол.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СЕПАРАТИЗМ  

Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-да сепаратизм ісі бойынша бірнеше адамға үкім шығарылған болатын. "Петропавл еңбекшілерінің халық кеңесін" құрғандар өздерін жекелеп, Қазақстаннан бөліп мәлімдеме жасап, сол үшін сотталып кеткен.

Белсенділердің бірі 9, қалған үшеуі 7 жылға бас бостандығынан айырылды.