Асығыс жеген астан не пайда: депутат мектепте тамақтанудағы кемшіліктерді айтты

Сырым Қаржас

Мұндай мәселені Сенатта депутат Арман Өтеғұлов көтерді. Ол балаларды мектепте тамақтандыруға байланысты екі мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ҚАДАҒАЛАУ АЗ

Қазақстанда 2023 жылдан бастап оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бүгінде бұл бағдарлама аясында 1,7 миллион оқушы тегін тамақпен қамтылған, оның ішінде 1,4 миллионы бастауыш сынып оқушылары, ал 340 мың бала әлеуметтік осал топтарға жатады. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 164 млрд теңге бөлінген. 

– Бұл – құптарлық жағдай, алайда тамақтың сапасы мен құрамының нормаларға сәйкестігін күнделікті қадағалау өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Екінші маңызды мәселе – оқушылардың тамақтануға бөлінетін уақыты. Қазіргі он бес минуттық үзілісте балалардың асханаға барып, тамақтанып, қайта сыныпқа оралуы мүмкін емес. Мұндай шектеулі уақыт жағдайында асығыс жеген тамақтан қандай пайда күтуге болады? Біз мектептен бастап балалардың денсаулығын дұрыс қадағалап, оларға қолайлы жағдай жасауымыз қажет, – дейді ол.

БІРЫҢҒАЙ СТАНДАРТ

Денсаулық сақтау министрлігі білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың жаңа стандарты туралы бұйрық жобасын әзірлеген. Құжатта өнімдерді тұтыну нормалары, ауыстыру кестесі және ерекше диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтану ережелері көрсетілген. Аллергия тудыратын немесе құрамында глютені бар өнімдер тізімі анықталып, мәзірді жоспарлау тәсілдері ұсынылған. Жобаның мақсаты – білім беру және тәрбиелеу ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың бірегей әдістерін қамтамасыз ету, сондай-ақ асханалары жоқ шағын жинақты мектептерде тамақтануды ұйымдастыру форматын қарастыру болып отыр.