Жеркепеге жақсылап жасырынған қарақшыны ұрлаған пимасы әшкере етті

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Қазақстан облысында екі қылмысқа күдікті тұрғын өзі қазған жеркепеде жасырынған жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

polisia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Polisia.kz ақпаратынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы М. Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне мал ұрланғаны туралы арыз келіп түскен. Белгісіз адам ауыл тұрғынының жылқысын ұрлап әкеткен. Қорадағы жануармен бірге ер-тоқым, жүген мен киіп жүрген пимасын да алып кеткен.

48 ЖАСТАҒЫ ТҰРҒЫН

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер мен жылқының иесі қар үстіндегі ізге түсіп, 30 шақырымдай жүреді. Із Булаево – Молодогвардейское автожолына жақын жердегі орман ішіне алып барған. Полиция қызметкерлері қалың бұталардың арасында қазылған жерге үстін жауып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған жеркепені байқайды. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін жіліктеп жатқан жерінде ұсталған.

ЕСКІ ТАНЫС

– Бұл азамат бұрын пәтер ұрлығы үшін сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығы шектелген, бірақ пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кетіп, бой тасалаған. Дәл осы адам ұрланған жылқының иесінде бұрын жұмыс істеген, қора-қопсының орналасқан жерін және қандай жылқылардың үйретілгенін жақсы білген. Жоғалған пима қылмыскердің адамдардан жасырынып жүргенін байқатты, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов.

Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Ол мал және пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен ұсталды.

Анықталғандай, пәтер ұрлығын сот үкімі шыққаннан кейін жасырынған күні жасаған. Сондай-ақ ол пробациялық бақылау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады.