Қаржы мониторингі агенттігі сот үкімі бойынша тәркіленген мүлікті заңсыз сату фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АГЕНТТІК НЕ ДЕЙДІ
Бұған дейін агенттік "AV-Construction" ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу фактілері бойынша Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеуді аяқтаған. Тәркілеу мақсатында сот құрылтайшысы Айдос Қоспаев саналатын "Nikolsky Investment" ЖШС тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салған.
– Алайда осы жылдың қыркүйек айында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізу арқылы базарды шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта ресімдеу жүзеге асырылып, шектеулер алынып тасталған. Биыл 5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген. Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды анықтап, ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен «Қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – делінген агенттік хабарламасында.
Сондай-ақ, жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайлас анықталған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС СОТҚА ЖЕТКЕН
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобының ісі қаралды. Болат Назарбаевтың "бас көмекшісінен" басқа сотталушылар орындығында 11 адам отыр. Олар алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік еткені үшін айыпталған. Олар ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерді қорқытып, рейдерлік жасап, көлеңкелі бизнеспен айналысып келген.