Үш күнде елімізде 80 шетелдік ұсталып, жауапкершілікке тартылды

Сырым Қаржас

Елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 11-13 желтоқсан аралығында көліктегі полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Polisia.kz

Осы жедел-профилактикалық іс-шара аясында Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 80 шетелдік ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Бұл ауқымды іс-шараға департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылған. Еліміздің барлық теміржол вокзалдары мен әуежайларында, сондай-ақ жолаушылар пойыздарында полиция нарядтары екі есеге артты. Көлік нысандарын патрульдеу үшін кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері де жұмылдырылды.

Сондай-ақ аталған іс-шараны өткізудің 3 күнінде еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік бұзушылықтар жасағаны үшін 1222 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

“Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 5, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 84, тыныштықты бұзған үшін – 7, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін – 95, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған – 32, темір жол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қағидаларын бұзу бойынша – 807, темір жол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін – 77. Көлік объектілерінде тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 27 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, олардың 16-сы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды”, делінген хабарламада.

Департамент бойынша 109 тұлға ІІО-ғы дактилоскопиялық, фото-бейне есебіне қойылған.