Қазақстан бала асырап алатындарға талап күшейеді

Сырым Қаржас

Қазақстанда бала асырап алғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптар күшейеді. Тиісті түзетулерді сенаторлар 19 желтоқсанда баланың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы аясында мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ШЕШІМІ   

Сенатор Нүрия Ниязова Конституциялық сот үйленбеген ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салатын норманы заңсыз деп танығанын еске салды.

– 2024 жылы 23 шілдеде Конституциялық сот некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алу құқығын шектейтін неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы кодекстің 91-бабы Конституцияға сәйкес келмейді деп шешті. Алайда жыл сайын балаларға қарсы қылмыстар, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық көбейіп келеді, - деп атап өтті Ниязова.

ҚЫЛМЫС СТАТИСТИКАСЫ  

2024 жылдың 11 айында Қазақстанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғудың 890 жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% артық. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтері бойынша, мұндай қылмыстардың 99% ер адамдар жасаған.

Ниязова заң жобасында ерлі-зайыптылар үшін бала асырап алудың басым құқығы қарастырылуы керек деп санайды.

ЖАҢА ТАЛАПТАР  

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан әзірленген заң шынымен де ерлі-зайыптыларға артықшылық беретінін айтты. Бұдан басқа, бірқатар қатаңдату шараларын енгізу жоспарланып отыр:

  • Бала асырап алушы мен бала арасындағы жас айырмашылығын анықтау.
  • Соттылығының болуы туралы мәліметтерді жыл сайын жаңарту.
  • Психологиялық диагностикадан міндетті түрде өту.
  • Аккредиттелген ұйымдар арқылы оқыту.  

– Аталған түзетулер қазір мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Процес аяқталғаннан кейін олар Парламентке енгізіледі, — деп атап өтті вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтар асырап алынған балаларды балалар үйіне жиі қайтара бастағаны хабарланған болатын.