Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
“Бүгін, 2024 жылғы 19 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сот әкімшілігінің Петропавл қаласы бойынша Ішкі қауіпсіздік бөлімінің бірлескен іс-шарасының нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Б., соттың мүдделі тұлғаның пайдасына оң шешімі үшін 15 мың АҚШ доллары сомасында ірі көлемде пара алу кезінде қылмыс үстінде ұсталды” делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақтауда 20 млн теңге пара алды деп айыпталған сот төрағасын тергеу аяқталған.
Сондай-ақ 110 млн теңге пара беруге итермелеген Шымкенттегі судьяны соттағалы жатыр.
Сонымен қатар қазан айында белгілі экс-судья Светлана Жолманова ұсталған.