Қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы – сауалнама

Сырым Қаржас

Қарсы болғандардың көбі - шығыс және орталық өңірдің, Алматы мен Астана тұрғындары, деп жазады Ulysmedia.kz порталы DEMOSCOPE бюросына сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

ЗЕРТТЕУДІ КІМ ЖҮРГІЗДІ

2024 жылғы 27 қараша мен 11 желтоқсан аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында «2024 жылы Қазақстанда болған ең айтулы оқиғалар» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр.  

ҚОРЫТЫНДЫ

DEMOSCOPE бюросының дәстүрлі қорытынды сауалнамасы өтіп бара жатқан жылдық ең айтулы оқиғаларына арналды. Зерттеудің негізгі тақырыптары: азаматтардың бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қабылдауы және әлеуметтік маңызы бар өмір салаларын бағалау болды.

2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Алайда бұл шешімге қатысты пікірталас әлі күнге дейін толастаған жоқ. DEMOSCOPE сауалнамасының мәліметі бойынша, азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бұл шешімді қолдамайды. Респонденттердің 22,1%-і оны құптаса, 15,5%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар.

Азаматтардың бұл реформа туралы ойын анықтайтын негізгі индикатор – респонденттердің тұратын өңірі. Қазақстанның барлық дерлік облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екені байқалады. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді.

Шығыс және орталық өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі (74,6%) – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары – бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірді. Алматы (68,4%) және Астана (55,7%) тұрғындарының көбі де бұл бастаманы құптамайды.

Оңтүстік өңір – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының 47,8% тұрғындары бұл бастамаға қарсы. Солтүстік өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысында қарсы болғандардың үлесі – 45,3%.

Бірыңғай уақытқа көшуді қолдағандардың үлесі аздап басым болған жалғыз өңір –Қазақстанның батыс аймағы (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары): 31,8%-і бірыңғай уақытқа көшуді құп көрсе, 30,6%-і оған қарсы.

БЕКТЕНОВ: ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов 19 желтоқсанда уақыт белдеуі жайлы қоғамда қордаланған көп сұраққа жауап берген еді. “Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет” дейді премьер-министр.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.

Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.