Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альберти Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты өз еліне кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Елшіні Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қабылдап, Қазақстандағы сәтті миссиясы үшін алғыс айтты.
Кездесу барысында министрдің орынбасары итальяндық елшіге Қазақстан-Италия стратегиялық әріптестігін нығайтуға жұмсаған күш-жігері үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Елшінің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға биылғы қаңтардағы ресми сапарын ұйымдастыруға және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Мәселен екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылдан бастап 10 млрд АҚШ долларынан 17 млрд АҚШ долларына дейін өсті.
Сондай-ақ М.Альберти қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі ҚР Президентінің алғысымен және «Барыс» төсбелгісімен марапатталды.
Өз кезегінде итальяндық елші қазақ тарапына тұрақты қолдауы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан-Италия стратегиялық әріптестігі одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
ҚАЗАҚСТАН-ИТАЛИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Еске сала кетсек, биыл 18 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барып, президент Серджо Маттарелламен кездескен еді. Сол сапарда Тоқаев Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасымен бірлескен мәлімдеме жасаған.