Германиядағы лаңкестік шабуыл: қылмыскер жайлы күтпеген тың деректер шықты

Ғалиасқар Думан

Магдебургте (Германия) Рождестволық жәрмеңкеге келген тұрғындарды көлікпен қағып кеткен күдікті Сауд Арабиясынан келген 50 жастағы босқын Талеб әл-Абдулмохсен болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

©️ RAIR Foundation

Талеб әл-Абдулмохсен Сауд Арабиясының әл-Хофуф қаласынан шыққан және шиит отбасында өскен. Ол 2006 жылы Германияға көшіп, 2016 жылы өзін атеист және исламды сынаушы деп жариялап, саяси баспана сұраған.

Сауд Арабиясының билігі Германияға әл-Абдулмохсенге қауіп төндіруі мүмкін екенін бірнеше рет ескертіп, оны экстрадициялауды талап етті. Алайда неміс билігі бұл екертулерді елемеді.

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСКЕРТУЛЕР

  • 2023 жылдың қыркүйегінде Сауд Арабиясынан әйел азамат неміс полициясына хат жазып, әл-Абдулмохсен кездейсоқ неміс азаматтарын өлтіруге оқталып жүргенін жеткізеді. Алайда хат Берлинге емес, АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Берлин қаласының полициясына жіберілген.
  • Сол жылдың соңында ол Германияның көші-қон және босқындар жөніндегі федералды басқармасының әлеуметтік желідегі аккаунтында дәл осындай ескерту жазып қалдырды. Бірақ оған да сырғытпа жауап алды.

2023 жылы Германияның Федералдық қылмыстық полиция басқармасы күдіктінің «қауіптілігін бағалауды» жүргізіп, ол «нақты қауіп төндірмейді» деген қорытындыға келді.

2024 жылдың ақпанында әл-Абдулмохсен Берлин полиция бөлімшесіне өрт сөндірушілерді өтірік шақырып, сол қылығы үшін айыппұл арқалаған еді.