«Тамаша жұмыс» – Илон Маск Дуровтың табысына ризашылық білдірді

Ғалиасқар Думан

Алғаш рет миллиардтық табысқа шыққан "Telegram" қожайыны Павел Дуровтың жетістігіне америкалық миллиардер Илон Маск пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Britta Pedersen / Getty Images

Х әлеуметтік желісі арқылы америкалық кәсіпкер Илон Маск “Telegram” негізін қалаушы Павел Дуровты рекордтық табысы үшін “арқасынан қақты”.

«Тамаша жұмыс», - деп жазды миллиардер Маск X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ал Дуровтың өзі 2024 жыл “Telegram” үшін тарихи жыл болғанын айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, мессенджердің 2024 жылғы жалпы табысы бір миллиард доллардан асты.

Telegram Premium ақылы жазылушылардың саны үш есе өсіп, 12 миллионға жетті. Дуровтың айтуынша, жарнамадан түсетін табыс бірнеше есе өскен. Бұл жылды 500 миллион доллардан астам қаржы қорымен аяқтауға мүмкіндік беріп отыр.

Дуров 2020 жылдың соңында Telegram-ды монетизациялаудың басталғанын хабарлаған. Кәсіпкер мұндай шешім қабылдауына пайдаланушылар саны артқан сайын мессенджер қызметтерінің қымбаттауы себеп болғанын атап өтті. Ал монетизация бағдарламасы 2021 жылы іске қосылды.