Иранда ядролық қару жасауға себеп те, мүмкіндік те көбейді – неміс басылымы

Ғалиасқар Думан

Иран билігі үшін қиын кезең басталды, деп жазады Ulysmedia.kz.

BILD

«Хезболла» Израиль шабуылдарынан әлсіреді, оның одақтасы Башар Асад тақтан тайдырылды, ал бірнеше жоғары лауазымды ирандық әскери қызметкер өлтірілді. Бірнеше аптадан кейін Дональд Трамп қайтадан АҚШ президенті болады, ол Вашингтонның муллалар режиміне қатысты ұстанымын қатайтуға ниетті екенін мәлімдеген. Мұның бәрі Иранды қарулана түсуге итермелеуі мүмкін деп келтіреді BILD басылымы.

CNN-ге берген сұхбатында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливан Иранның дәстүрлі әскери әлеуеті соңғы уақытта әлсірегенін түсіндірді. АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі Тегеран өзінің әлсіреген позициясын нығайту үшін ядролық қару жасауға бара ма деп алаңдаулы. 

Израильдің «Кешет 12» телеарнасының хабарлауынша, Израиль әскери топтары Тегеран Израильдің жаңа шабуылынан қорқатынын болжайды. Бұл ядролық қаруды дамытуға ықтимал тағы бір себеп болуы мүмкін.

Жақында МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси Иран уранды байытуда жаңа жетістіктерге жетіп, атом бомбасын жасауға жеткілікті сапада және көлемде материал өндіруге жақындағанын ескертті. Гроссидің мәліметінше, соңғы 10 жылда Иранның өндірістік қуаты айтарлықтай өскен:

«2015 жылғы Иран 2025 жылғы Ираннан мүлдем өзгеше. Сол себепті біз [атом қаруына қатысты] жағдайдың шиеленісуін көріп отырмыз, бұл өте алаңдатарлық жайт», – дейді Рафаэль Гросси.

Бұған дейін Түркия мен Израиль Таяу Шығыстағы көшбасшылық үшін бәсекелесіп, Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі Сириядағы жағдайды пайдаланып қалуға тырысып жатқаны хабарланған.