Ұшақ апаты: Ақтауға санавиациямен астаналық білікті дәрігерлер шұғыл жетті

Ғалиасқар Думан

Астанадан Ақтауға ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін санитариялық авиация ұшағы келіп қонды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Gov.kz

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

“Бортта құрамында екі реаниматолог, 4 травматолог, нейрохирург және комбустиолог бар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобилдік бригадасы келді”, деп жазды ведомство баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Маңғыстау көпбейінді ауруханасына 27 зардап шегуші жеткізілген. Ол жерде денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов та жүр. Ол зақым алған және жарақаттанған пациенттерді қарап-тексереді, келген мамандарды тарта отырып, медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелерімен айналысады.

“Ақтау әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған жерден облыстың медициналық мекемелеріне 29 зардап шегуші жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық ауруханасына 27 зардап шегуші жеткізілді. Ауруханаға жеткізілген 27 ауыр пациенттің 11-і реанимацияға жатқызылды”, делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы 2 бала келіп түсті, оларға операция жасау жоспарланған.

ҰШАҚ АПАТЫ ТУРАЛЫ

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқанын ресми мәлімдеді.

Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.

ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады. Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.

Ақтау маңында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып, кинологтар іске кірісті.