Әлемдегі ең қымбат қалалар рейтингі: Алматы нешінші орында

Ulysmedia

Әлемдегі ең қымбат қалаларды Тель-Авив, Сингапур мен Париж бастап тұр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

The Economist басылымы 2021 жылы тұруға ең қымбат он қаланың рейтингін жариялады. Басылымның аналитикалық бөлімшесі – Economist Intelligence Unit (EIU) мәліметі бойынша, 2021 жылы инфляция бес жылдық рекордты жаңартқан. Егер 2020 жылы сарапшылар қарастырған қалалардағы инфляцияның өсімі 1,9%-ды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,5%-ға жеткен. Рейтингті құрастыру кезінде оның авторлары 173 ірі қаладағы 400-ден астам әртүрлі санаттағы тауар бағасының динамикасын салыстырып шыққан.

Сарапшылар Тель-Авивті (Израиль) әлемдегі ең қымбат қала деп атады. Бұл қала алғаш рет EIU рейтингінде көш бастады. Экономистердің дерегінше, 2021 жылы қалада азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, автокөліктер мен жанар-жағармайды қоса алғанда, тауарлар санатының 10%-ның бағасы айтарлықтай өскен. Баяндама авторлары бағаның көтерілуіне ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының нығайғанын айтып отыр.

Екінші орынға бірден екі қала – былтыр тізімнің бірінші қатарында тұрған Сингапур мен Париж жайғасты. Экономистер швейцариялық Цюрих пен Гонконгты төртінші және бесінші орындарға орналастырды. Осылайша, ең қымбат 10 қаланың қатарына негізінен еуропалық және азиялық қалалар кіреді: жетінші және сегізінші орындарда Швейцарияның Женевасы мен Данияның Копенгагені тұр. Ал Жапонияның Осака қаласы ондықты түйіндейді. Америка Құрама Штаттарында сарапшылар бағаның айтарлықтай өскенін байқамады. Бірақ Американың екі қаласы тізімнің басына шықты: Нью-Йорк (6-шы) және Лос-Анджелес (9-шы).

Өмір сүруге ең арзан қалалар – Сирияның астанасы Дамаск пен Ливияның астанасы Триполи. Олардың экономикасы ұзаққа созылған соғыс қимылдары салдарынан күйреген. Ең арзан қалалардың ондығына Африка қалалары (Тунис, Алжир және Лусака), Оңтүстік Азияның екі мегаполисі (Пәкістанның Карачи және Үндістанның Ахмедабады), сондай-ақ Аргентина астанасы Буэнос-Айрес кіреді. Әлемдегі ең арзан қалалар тізіміне посткеңестік кеңістіктегі қалалар да енген: соңында үшінші орында тұрған Ташкент (Өзбекстан) және Өзбекстан астанасынан екі орынға қалып қойған Алматы (Қазақстан) тұр.

2021 жылғы есептің авторлары рейтингте 16-шы орыннан 48-орынға жылжыған Италия астанасы Рим маңында бағаның ең көп төмендеуін тіркеді. Таиланд, Перу, Нидерланды және Германияның астаналарында баға айтарлықтай төмендеді. Тегеран ең «қымбат» қала деп танылды. Санкцияларға, сауда шектеулеріне және импорт бағасының өсуіне тап болған Иран астанасы 50-ші орыннан 29-шы орынға көтерілді.

Тегераннан басқа соңғы бір жылда бағасы көтерілген алғашқы 10 қалаға рейтингте бірден 13 позицияға көтерілген Киев (Украина) мен 96-шы орынға шыққан Мәскеу (Ресей) да бар.