15 жастағы мектеп оқушысының денесі өзі тұрған үй жанындағы сарайдан табылды. Қайғылы оқиға Көкбастау ауылында болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған фактіге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Оқиға орнында жедел-тергеу тобы, прокуратура, білім басқармасының қызметкерлері, психологтар мен Жамбыл облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істеп жатыр.
Жағдайға сәйкес, тергеудің толықтығына, объективтілігіне және жан-жақты болуына бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полицейлер.
ПД баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейтінін жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған еді.
Ал өткен айда Алматыда жасөспірім қыз өзіне қол жұмсады.