Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев елдің басты телеарнасына берген сұхбатында Ресей тарапына өз талаптарын ашық айтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлиев 27 желтоқсанда Путинмен телефон арқылы болған әңгімеде талаптар ресейлік тарапқа ресми түрде жеткізілгенін атап өтті.
«Олар не еді? Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек. Екіншіден, олар өз кінәсін мойындауы керек. Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, жауапқа тартылып, Әзербайжан мемлекеті мен зардап шеккен жолаушыларға, экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек. Біздің шарттарымыз. Оның біріншісі күні кеше ғана орындалды. Басқа да шарттарымыз орындалады деген сенімдеміз. Бұл талаптың бәрі әділетті. Мұнда ерекше талаптар немесе мәселелер жоқ, бұл халықаралық тәжірибеге және адамның қалыпты адамгершілік қағидаларына негізделген», деді Әзербайжан президенті.
Сондай-ақ ол осы апатты жағдайдан кейін қазақ-әзербайжан қарым-қатынасының, екі бауырлас халықтың бірлігінің одан әрі беки түскенін атап өтті.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.
Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.