Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Ресей президенті Владимир Путин Ақтау маңында құлаған ұшаққа қатысты талқылауды бүгін де жалғастырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ТАСС агенттігі Кремльге сілтеме жасап хабарлады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Путин мен Әлиев бүгін телефон арқылы сөйлескен кезде Әзербайжан әуе жолдары ұшағының апатқа ұшырауына қатысты түрлі мәселелерді талқылауды жалғастырды», - деп жазды ТАСС.
Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі телефон арқылы өрбіген әңгіме ресейлік тараптың бастамасымен болғанын айтты.
“29 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевке телефон соқты”, деп жазды Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 28 желтоқсан күні Путин Әлиевке қоңырау шалып, қайғылы оқиғаның ресейлік әуе кеңістігінде болғанына өкініш білдіріп, кешірім сұраған. Әңгіме барысында Путин Әлиевке Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғағанын айтқан.
29 желтоқсан күні Әзербайжан мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Әлиев апаттың басты себебін айтты. Осы сұхбат барысында Әлиев Ресей Әзербайжан халқынан кешірім сұрап, өз кінәсін мойындап, өтемақы төлеуі керектігін айтқан еді.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.
Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.
ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ
Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған едік. Бортында Бангкоктың 181 жолаушы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуелі кем дегенде 28 адам опат болып, тағы бірнеше адам жарақат алғаны хабарланған еді. Кейін жолаушылар борттағы адамдардың көбі дерлік аман қалмағаны белгілі болды.
Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлайды. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен. Куәгерлер ұшақтың шассиі, мысалы, дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін.