Дәрменсіз медицина немесе Алматыдағы Хирургия институты инфаркт кезінде не істеу керектігін неге білмейді?

Сырым Қаржас

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінің тәуелсіздік жылдарынан бері кенжелеп қалу мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Министрлердің жиі ауысуы да, реформалардың көптігі де жағдайды түзеуге септігін тигізген жоқ. Бұл жағдайдың айқын мысалы ретінде Алматы қаласының тұрғыны Бауыржан Құндақбаевтың басынан өткен оқиғаны айтуға болады. Ол «Хирургия институты» ЖШС қызметкерлерінің жауапсыздығынан қатты зардап шеккен. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне жәбірленушінің өзі айтып берген.

Ulysmedia коллажы

КӨЗДЕН ТАСА…

65 жастағы Бауыржан Құндақбаевтың айтуынша, 17 мамыр күні ол ұлының демеуімен Жамақаев көшесі, 254/1 мекенжайында орналасқан хирургия институтына диагностикалық тексеруден өту үшін барған.

– Мен алдын ала жүрегіме эхокардиография және электрокардиограмма процедураларын жасатуға жазылып қойдым, – деп түсіндірді алматылық. – Осы процедуралардан өту кезінде кенеттен өзімді жайсыз сезіндім. Тыныс алуым қиындап, жүрегім қатты қысылды.

Бауыржанның ұлына медбике шығып, әкесінің инфаркт алғанын айтқанда, ол медициналық мекемеде қажетті көмек көрсетілетініне сенімді болып, сабырлылық сақтаған. Алайда дәрігерлер оның әкесіне шұғыл көмек көрсетудің орнына жедел жәрдем шақыртқан.

– Бұл аз болғандай, клиника кейін Құндақбаевтың коронарография кезінде нашарлағанын жоққа шығаруға тырысты. Бірақ науқастың инфаркт алғанын түсінгенде, «Хирургия институты» ЖШС қызметкерлері оны жедел жәрдем көлігімен қаладағы кардиологиялық орталыққа жіберген. Ал шын мәнінде, дәл іргеде орналасқан жекеменшік медициналық орталықта шұғыл стационарлық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар еді. Мұнда тамыр хирургиясы және өткір коронарлық синдром бойынша жедел госпитализация қызметтері ұсынылады, – деді зардап шеккен азаматтың адвокаты Карина Көшербаева.

БІР ЖОЛ БАР АЛЫС, АЛЫС ТА БОЛСА ЖАҚЫН

Адвокаттың айтуынша, қалалық кардиологиялық орталықта Бауыржан Құндақбаевқа үш операция жасалып, ол 17 мамырдан 3 маусымға дейін стационарда жатқан. Кейін, қалалық кардиоорталықта қан тамыр хирургтарына арналған орындардың болмауына байланысты, пациент 3-17 маусым аралығында ем қабылдаған жекеменшік медициналық орталыққа ауыстырылған.

– Кейін Facebook әлеуметтік желісінде бір құжат жарияланды. Онда осы уақыт аралығында Хирургия институтында шұғыл түрде 118 пациент, оның ішінде кардиологиялық және кардиохирургиялық жағдайдағы науқастар госпитализацияланғаны көрсетілген. Алайда Құндақбаевқа шұғыл көмек көрсетілмеген, – деп наразылық білдірді адвокат.

– Менің ойымша, медициналық мекеме 2020 жылдың 30 қарашасындағы ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Медициналық авиацияны қоса алғанда, жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген жедел медициналық көмек көрсету тәртібінің 21-тармағын бұзды. Онда былай делінген: «Науқастың өміріне қауіп төнген кезде (жедел жүрек-қантамыр немесе тыныс алу жеткіліксіздігі) пациентті ең жақын арадағы шұғыл стационарлық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қабылдау бөліміне жеткізу қажет».

Пациенттің ауыр жағдайда бола тұра, дәл іргеде орналасқан, шұғыл медициналық көмек көрсететін жекеменшік орталыққа неге жіберілмегенін ешкім түсіндіре алмай отыр.

ТІЗІМНЕН ӨШІРІП, ЖАЗАЛАУ КЕРЕК

Хирургия институтының басшылығының айтуынша, олардың қызметкерлері нұсқаулыққа сәйкес әрекет еткен, себебі «Хирургия институты» ЖШС кардиологиялық пациенттерге шұғыл көмек көрсете алмайды. Алайда бұл мәлімдеме зардап шеккен пациент пен оның адвокатының күмәнін тудырып отыр.

– Біз Алматы қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне шағыммен жүгініп, жоспардан тыс тексеру жүргізуді және «Хирургия Институты» ЖШС басшылығы мен медицина қызметкерлеріне қатысты тиісті шаралар қабылдауды сұрадық, – деп мәлімдеді адвокат Карина Көшербаева.

– Сонымен қатар Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы бұл медициналық мекемеге тексеру жүргізіп, елеулі бұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты Алматы қаласының міндетті медициналық сақтандыру қорына «Хирургия институтын» 2025 жылы стационарлық шұғыл және жоспарлы кардиологиялық, кардиохирургиялық және аритмологиялық көмек көрсететін қызмет жеткізуші ретінде тізімнен алып тастауды ұсынды.

Тексеру нәтижелері бойынша, «Хирургия институты» ЖШС ауыр халдегі пациентті қала шетіне жіберу арқылы сақтандыру шараларын қабылдағаны белгілі болды. Есепте былай делінген:

«Хирургия институты» ЖШС ересектер мен балаларға амбулаторлық-поликлиникалық, кеңес беру-диагностикалық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетеді. Лицензиялары бар. «Хирургия институты» ЖШС-нің ересектер мен балаларға кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуге мемлекеттік лицензиясы бар (ГЛ № 16020356, 21.06.2016 ж., қосымша №003, 19.08.2016 ж., БИН 150740026187)».

Алайда бұл клиника қызметкерлерінің халыққа көмек көрсету тәсілі тексерушілер тарапынан үлкен сынға ұшырағаны байқалады.

– Менің қорғауымдағы азаматтың бастан кешкені кез келген басқа пациенттің басына түсуі мүмкін және мұндай жағдай қайталанбауы керек, – деп атап өтті адвокат.

– Біздің жағдайда пациент аман қалды, бірақ әлі күнге дейін салдарымен күресуде. Мұндай «көмектің» басқа пациенттер үшін қандай зардаптарға әкелгенін ешкім білмейді. Сол себепті біз БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүгінуге құқылымыз. Біз кінәлілердің жазаланғанын және мұндай сорақы жағдайлардың қайталанбағанын қалаймыз.