Грузия астанасында наразылық білдірген азаматтар жаңа жылды парламенттің алдында қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Paper Kartuli басылымына сілтеме жасап.
НАРАЗЫЛЫҚ
Жаңа жылда Грузияда мынадай атаулы наразылықтар болып өтті:
Руставели даңғылында ұзын үстел орнатылды. Адамдар тәтті-дәмді әкеліп, бір-бірін құттықтады. Саломе Зурабишвили мерекеде де өз ойын айтуға келген наразылық білдірушілерге қосылды. Бұл еуроинтеграцияны тоқтатуға қарсы 34-ші наразылық акциясы. Бұған дейін 29 желтоқсанда президенттік мерзімі өткен Саломе Зурабишвили Тбилисидегі Орбелиани сарайындағы резиденциядан өз еркімен кетіп қалған, бірақ ол өз өкілеттіктерінен бас тартқысы келмейді.
ГРУЗИЯДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Грузияда үкіметтің Еуропа одағымен интеграция келіссөзін кейінге қалдыра тұру жайлы шешімінен кейін басталған наразылық бір айдан бері жалғасып жатыр.
Жалпы 2024 жылы қазанда Грузияда парламенттік сайлау өткен Онда “Грузин арманы” партиясы көпшілік дауысқа ие болды. Алайда сайлау әділ өтпегенін айтқан грузин оппозициясы мен президент билікпен келіспей, наразылық білдіруге шақырған. Өткен парламенттік сайлаудың қорытынды хаттамасы бекітілгеннен кейін 17 қарашада грузин оппозициясы митиң өткізіп, Тбилиси мемлекеттік университетінің жанындағы жолды жауып, шатырлар орнатты. Руставели даңғылында «Дауысты қайтар» акциясы қатар өтіп жатты.
Грузияның бесінші президенті Саломе Зурабишвили 29 желтоқсанда Тбилисидің орталығындағы Орбелиани президент сарайынан кететінін жариялаған. Дәл сол күні парламентте Грузияның жаңа президенті Михаил Кавелашвилидің инаугурациясы өтті. Оны іс жүзінде "Грузин арманы" билеуші партиясы сайлаған. Биліктің легитимділігін заң шығарушы органның отырыстарына қатыспайтын оппозиция мойындамайды.