Алматыдағы микробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы Маңғыстауда қырылған итбалықтарға жасаған сынаманың алғашқы нәтижесін шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕСІ
Ғылыми орталық жүргізген молекулярлық-генетикалық талдау нәтижесінде итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылған. Бұл туралы Азаттыққа зертхана меңгерушісі Айдын Қыдырманов айтты.
“Иммундық жетіспеушіліктен нейровирустық инфекция анықталды. Бұл – нейроинфекция туғызатын вирустың жаңа түрі. Ғылымда әлі толық сипатталмаған, анықталмаған вирус. Теңіз сүт қоректілнрге тән вирустық инфекция” деп тұжырымдайды Қыдырманов.
Орталық итбалықтардың неден өлгенін анықтау үшін өз қаржысына Маңғыстауға келіп, өлексе сынамаларын алып кеткен.
2024 жылы 16 қазан-1 желтоқсан аралығында Каспий теңізі жағасында екі мыңға жуық итбалық өлі табылған.
Маңғыстау облысы балық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаевтың Алматыдағы орталық жүргізген зерттеу нәтижесі жайлы білмейтінін, қорытындысы ресми хабарланбағанын айтады.
ИТБАЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ
Маңғыстау жағалауында өлі табылған итбалықтардың саны қарқынды өсіп, бұған дейін 300-ге жетіп қалғаны хабарланған еді. Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, ихтиолог Әсел Баймұқанованың айтуынша, әсіресе Солтүстік Каспийге келгеннен кейін итбалықтардың өлексесі көбейген. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметі бойынша, 24-29 қазан аралығында Каспий теңізі жағалауынан 289 өлі итбалық табылған. Мекеме бұл оқиғаның себептері әлі белгісіз екенін айтып, жағалау аймағын бақылауды жалғастыруда.
Алдын ала нұсқа бойынша, итбалықтардың өлімі теңіздің ластануынан және олардың иммунитетінің төмендеуінен болуы мүмкін екенін жазған едік. Оның алдында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстаудағы итбалықтардың жаппай қырылу себептерін әлі атай алмаған еді.