Қазақстанда жақында президент сайлауы бола ма – Тоқаев сұхбатында жауап берді

Сырым Қаржас

«Ана тілі» басылымына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты шықты. Көп сұрақтың ішінде оған БҰҰ-ға қызметке баратыны немесе бармайтыны жөнінде сауал қойылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйы­мын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма? – деп сұрақ қойылған президентке.

Бұл сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқарғанын айтқан.

– Халықаралық үдеріс­тердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, – дейді ол.

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ 3 ЖЫЛ БҰРЫН ӨТТІ

Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші президенттік сайлау және 1999 жылдан бері қатарынан алтыншы кезектен тыс сайлау болды. Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауында президенттік мерзімнің ең көп санын екіден бір мерзімге дейін қысқартуды және президенттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды ұсынды.

Сайлау нәтижесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 % дауыс жинап, қайта сайланды. Оның ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтті.