Кінә Ресейден – Әзербайжан президенті ұшақ апатына айыптыларды жазалауды талап етті

Сырым Қаржас

Әзербайжан азаматтарының Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқаны Ресей өкілдерінің кінәсінен деп сеніммен айта аламын. Ұшақ апаты құрбандарының туған-туыстарымен кездескен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы minval.az басылымына сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

ӘЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ 

Әзербайжан президент Илхам Әлиев ұшақ апатынан қаза тапқан экипаждың отбасы мүшелерімен және тірі қалған бортсеріктермен кездескен. 

Ол кездесуде "біз әділеттілікті, кінәлілерді жазалауды талап етеміз, толық ашықтық пен адами қарым-қатынасты талап етеміз" деген.

Әлиев қазір қара жәшіктерді декодтау процесі жүріп жатқанын айтқан.

Жақын арада біз алдын-ала нәтижені білетінімізге сенімдімін. Бәрі өз орнына келеді, болған қайғылы оқиғаның бүкіл көрінісі белгілі болады. Бұл, әрине, осы трагедияны толық тергеу және оған кінәлілерді жазалау ісінде маңызды сәт болады, - деп атап өтті Әлиев.

Президент егер Грозный қаласы әуе кеңістігін жабу бойынша уақтылы шаралар қабылдаса, егер жердегі қызметтер барлық ережеге сәйкес әрекет етсе және Ресей қарулы күштері мен азаматтық қызметтері арасында тиісті үйлестіру жұмыстары болса, онда бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп атап өтті.
 Сондай-ақ, егер Ресейдің ресми органдарының алғашқы минуттарынан немесе сағаттарынан бастап бұл қайғылы оқиғаны объективті түрде тергеуге әрекет жасалса, Әзербайжан Мемлекетаралық авиация комитетіне (ТМД-дағы) "қара жәшіктерді" декодтауға келісер еді деп мәлімдеді.

Президент Әзербайжанның посткеңестік кеңістіктегі ұшақ апаттарын тергеумен белсенді айналысатын осы құрылыммен ондаған жылдар бойы ынтымақтасқанын жеткізді. Алайда президенттің айтуынша, оқиғаның мән-жайын жасыру және оны "құстармен" немесе "газ баллонымен" жарылысы салдарымен байланыстыру әрекеттері тергеудің объективтілігіне, өзі үшін де, Әзербайжан жұртшылығы үшін де үлкен күмән тудырғанын айтты.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.

28 желтоқсан күні Путин Әлиевке қоңырау шалып, қайғылы оқиғаның ресейлік әуе кеңістігінде болғанына өкініш білдіріп, кешірім сұраған. Әңгіме барысында Путин Әлиевке Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғағанын айтқан. 

29 желтоқсан күні Әзербайжан мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Әлиев апаттың басты себебін айтты. Осы сұхбат барысында Әлиев Ресей Әзербайжан халқынан кешірім сұрап, өз кінәсін мойындап, өтемақы төлеуі керектігін айтқан еді.