Полицейлер мен ҰҚК-нің арнайы операциясы: бірнеше қылмысқа қатысы бар алаяқтар ұсталды

Сымбат Сатыбалдина

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен, ҰҚК-мен және ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, интернет-алаяқтыққа байланысты заңсыз әрекеттерді тоқтатуға бағытталған операция жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

polisia.kz

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Теміртау қаласының 34 және 36 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілер ұялы байланыс құрылғыларының сәйкестендіру кодтарын заңсыз өзгертіп, сондай-ақ осы мақсатта бағдарламалық қамтамасыз етуді жасап, қолданды және таратты деген күдікке ілінді.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ

Тергеу барысында қаскүнемдердің бір бөлмелі пәтерді жалға алып, онда арнайы жабдық орналастырғаны анықталды. Олар әр 10 күн сайын пәтерге келіп, пайдаланылатын құрылғылардағы sim-карталарды ауыстырып отырған. Тінту барысында полиция қызметкерлері 232 sim-карта мен екі жиынтық sim-box жабдығын тәркіледі. Бұл құралдар алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қолданылған.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқыққа қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, киберполиция қызметкерлері Қарағанды қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады.

Ол әлеуметтік жәрдемақы алуға және жүргізуші куәлігін дайындауға көмектесу сылтауымен азаматтарды алдап, олардың атына онлайн-несиелер рәсімдеген. Оның 11 эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Фигуранттың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.