Қазақстанда айыппұлдар мөлшері халықтың табысына сай әділетті ме – Дүйсенова не дейді

Аян Өрібай

Қазақстанда айыппұлдар мөлшері халықтың табысына сай әділетті ме деген сұрақты үкіметте Ulysmedia.kz тілшісі вице-премьер Тамара Дүйсеноваға қойды.

Ulysmedia коллажы

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРГЕ СҰРАҚ

Қазақстанда айыппұл мөлшері халықтың табысына пропорционалды емес деген пікір көп. Бұл мәселе әсіресе әлеуметтік желіде жиі талқыланады. Мысалы, бір адам бір рет әкімшілік заңды бұзса, айлығының жартысынан айырылып қалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары осы айыппұлдарды белгілегенде сіздермен ақылдаса ма жалпы? Айыппұл мөлшері халықтың табысына сай әділетті деп ойлайсыз ба? – деп сұрады портал тілшісі Тамара Дүйсеновадан.

“БҰЛ СҰРАҚ ДҰРЫС ЕМЕС”

Тамара Дүйсеноваға бұл сұрақ ұнамағаны аңғарылды. Оның сөзінше, егер азаматтар заңды бұзбаса, ешкім ешкімнің қалтасына түспейді.

Сондықтан, айыппұл біздің табысымызға тура келе ме, жоқ па деген сұрақты қоймау керек. Меніңше, біз “заңды бұзбауымыз керек” деп сұрақ қою керек шығар. Біздің алға қойған мақсатымыз – заңды бұзып, айыппұлдың көлемін анықтау емес қой. Біздің айыппұлдар не үшін салынады? Біріншіден, қоғамдық қауіпсіздікті немесе жол қауіпсіздігін сақтау үшін, ұлттық қауіпсіздік сақтау үшін салынады. Егер осы мәселелер бойынша заңды тыңдайтын азамат болсақ, бізге ешкім ешқандай айыппұл салмайды. Айыппұл біздің табысымызға тура келу керек, келмеу деген мәселе дұрыс емес. Салыққа келер болсақ, ол біздің табысқа байланысты болады. Себебі табыстың 90 пайызын салыққа бере алмаймыз ғой. Өзіміз өсуіміз керек, – дейді ол.

2025 ЖЫЛЫ АЙЫППҰЛДАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨСЕДІ

Бір ғана 2024 жылдың өзінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске  алты рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Аталған кодекс қабылданғалы 10 жыл уақыт өтті, сол аралықта оған 115 рет өзгерістер енгізілген екен. Кейбір баптар бойынша жауапкершілік күшейсе, кейбірі жеңілдетілген. 2025 жылы Қазақстандағы барлық айыппұлдар мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты ұлғаяды. Айта кетейік, 2025 жылы АЕК 240 теңгеге өсіп, 3 932 теңгені құрады. Ulysmedia.kz әкімшілік құқық бұзушылыққа салынатын айыппұл мөлшерін 2024 жылмен салыстыра отырып, қайта есептеп шығарған еді.