Семейде Ертіске көлік құлап кетті: екі адам әлі табылмады

Сымбат Сатыбалдина

Семейде Ертіске құлап кеткен көліктің ішінде болған екі адам әлі табылмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ТЖМ НЕ ДЕЙДІ

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дидар Қажкеновтің сөзінше, Абай облысында Ертіске құлап кеткен көліктің ішінде болған екі адамды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 

Сүңгуірлердің жұмысын ауа райының қолайсыздығы қиындатады. Оқиға орнында облыс құтқарушыларымен бірге Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Семейде жарысқан көліктің бірі көпірден ұшып кеткенін бүгін әуелі ІІМ хабарлаған еді. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жіберілген. Полиция жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салады, азаматтарды мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

БҰҒАН ДЕЙІН 

6 қаңтарда құтқарушылар Семейде көпірден құлаған көлікті судан алып шықты

ТЖМ хабарлауынша, Семейде Ертіс өзенінде іздестіру-құтқару жұмыстары барысында Қазақстан ТЖМ қызметкерлері ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің инженерлік техникасының көмегімен суға батып кеткен автокөлікті алып шыққан. Екі адамды іздестіру жұмыстарын ведомствоның 100-ден астам қызметкері жүргізіп жатыр.