Төтенше жағдай министрлігі өртті тезірек сөндіруге не кедергі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЖМ НЕ ДЕЙДІ
Өрт оқшауланды. Сөндіру жұмыстары төрт жауынгерлік учаскеде жүргізілді. Процесті ғимарат құрылысының ерекшеліктері, жоғары өрт жүктемесі және қатты түтін қиындады, – деп хабарлады ТЖМ.
Ulysmedia.kz тілшісі Алматыда өрт шыққан ҚБТУ ғимараты жағына арнайы барып, оқиға орнынан ақпарат таратты.
ҚБТУ ғимараты орналасқан Астана алаңының периметрін полиция қызметкерлері жауып тастаған. Ғимарат жаққа бару мүмкін емес. Полиция қызметкерлері сол жаққа беттегісі келген тұрғындарды жібермей тұр.
ТАРИХИ ҒИМАРАТ
Айта кетейік, ҚБТУ ғимараты — Алматы қаласындағы Астана алаңында орналасқан ғимарат. 1957 жылы салынған қаладағы тарихи және көрнекті ғимараттардың бірі.
Бұл ғимаратта 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. 1997 жылдан 2001 жылға дейін ғимарат Алматы облысы әкімінің резиденциясы қызметін атқарды. Осыдан кейін ғимарат Қазақстан-Британ техникалық университеті орналаспай тұрып бір жылдан аз уақыт бос тұрған еді. 2018 жылы ҚБТУ бас залы қайта жаңғыртылды.