Лос-Анджелестегі өрт: 150 мың адам эвакуацияланды, 166 мыңы кетуге дайын отыр

Сырым Қаржас

Осы аптада Лос-Анджелестің біраз бөлігін шарпыған АҚШ тарихындағы ең жойқын орман өрттерінің бірі сенбідегі желдің салдарынан бағытын өзгертіп, жағдай қиындай түсті деп хабарлайды Ulysmedia.kz ВВС-ге сілтеме жасап.

realt.onliner.by

ЭВАКУАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ

Жағдайдың күрделене түсуі 153 000 адамды дереу эвакуациялауға мәжбүрледі. Сонымен қатар тағы 166 000 адамға үйлерін тастап кетуге дайын болу туралы ескертілді.

ЗАРДАБЫ

Қазіргі уақытта қала жалпы ауданы 15 мың гектарды құрайтын бес бөлек өртпен қоршалған. Тағы үш ошағы оқшауланған. Он мыңдаған адам қазірдің өзінде үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Өрт салдарынан 12 мың ғимарат қатты зақымданған немесе толықтай қираған. Солардың ішінде әйгілі актерлердің де тұрғын үйлері күлге айналды.

Бірнеше Голливуд жұлдыздары, соның ішінде Энтони Хопкинс, Пэрис Хилтон және Билли Кристалдар үйлерінен айырылды. Соңғысының үйсіз қалғаны туралы танымал актер Мел Гибсон хабарлады, деп жазды ВВС.

АДАМ ШЫҒЫНЫ

Өрт салдарынан кем дегенде 11 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Алайда өрт бақылауға алынып, өрт сөндірушілер үйлерді аралауға кіріскеннен кейін қаза тапқандар саны артуы мүмкін. 

Өрт сенбі күні аздап саябырсыған соң қайта күшейген желден кейін қаланың жаңа аудандарына тарады. Төтенше қызметтер жағдайдың әлі де өте қауіпті екенін ескертеді.

«Таяу күндері жел қайтадан күшейеді деп күтілуде», - деді Дин Крисвелл, Төтенше жағдайларды басқару федералды агенттігінің (FEMA) басшысы.

ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Билік өрттің шығу себебін әлі анықтай алмай отыр. Сонымен қатар Лос-Анджелес тұрғындары арасында биліктің әрекетіне және олардың мұндай катаклизмге дайын болмауына наразылық артып келеді. 

Жуырда Калифорния губернаторы Гэвин Ньюом төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына тәуелсіз тергеу жүргізуге бұйрық беретінін мәлімдеді. Атап айтқанда, өрттің алғашқы сағаттарында оны сөндіруге су қорының жеткіліксіз болғаны анықталған. 

КОМЕНДАНТТЫҚ САҒАТ

Ұрлық-қарлық туралы ақпараттардың көптеп тарауына байланысты эвакуацияланған аудандарда коменданттық сағат енгізілді. Ондаған қамауға алынғандар туралы да мәлімет бар. Кейбір аудандарда тұрғындардың өздері аумақты күзететін қарулы патрульдер құрып алған.

Еске сала кетсек, кешегі ақпарат бойынша Лос-Анджелестегі орман өрті 11 адамның өмірін қиып, 10 мыңнан астам ғимарат қирағанын жазғанбыз. Өрт әлі толық сөндірілген жоқ.