«Ғимарат өрттен гөрі, судан көп зардап шекті» – ҚБТУ ректоры

Сырым Қаржас

ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин Ulysmedia.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында қаңтардың 11-інен 12-сіне қараған түні болған өртте мәжіліс залы мен бірнеше әкімшілік бөлменің зақымданғанын жеткізді. Университеттің құжаттарына еш зиян келмеген.

Almaty.tv/коллаж Ulysmedia.kz

АНЫҚ-ҚАНЫҚ

ҚБТУ басшысы ғимараттағы өрттің шығу себептерінің тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан біраз сұраққ жауап бере алмады. Өйткені оның айтуынша, «басшылықтың өзі барлық ақпаратты күтіп отыр».

– Түнде өртті сөндіру кезінде сіз оқиға орнында болдыңыз ба?

– Иә, әрине.

– Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 4-қабатта тұтанған. Ол қабатта қандай бөлмелер бар еді?

– Конференц-зал және бірнеше әкімшілік кеңсе бар. Әзірге ол бөлмелердің жай-күйі бізге белгісіз, кеше өрт сөндіру кезінде бізді ғимаратқа кіргізбеді.

– Ал өрт сөндірілгеннен кейін ол жаққа қарай көтеріліп көрдіңіз бе?

– Біз осында болдық, барлық жерге су толып кеткен. Шылқыған су тізеден келеді.

– Әкімшілік үй-жайларда құжаттар өртенген бе?

– Жоқ, бухгалтерлік және заңнамалық құжаттарға еш зиян тимеген сияқты. Жалпы, өрттен гөрі, судан көп бүлінген. Бұл мәселеде өрт сөндірушілер шұғыл әрекет етті.

– Қазан айында сіздер ғимаратқа пресс-тур ұйымдастырдыңыздар. Ал университет сәулет ескерткішіне қалай қамқорлық жасайтынын айтты. Ғимаратты өрт қауіпсіздігіне байланысты соңғы рет қашан тексердіңіздер?

– Бізде жыл сайынғы тексерулер жүргізіледі. Біз бұл мәселеге әрқашан үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

– Электр сымдары соңғы рет қашан ауыстырылған?

– Ғимараттағы үй-жайлар жаңартылып жатқандықтан, біз оны міндетті түрде ауыстырамыз. 70 жылдық тарихы бар ғимараттың барлық сымдарын бірден ауыстыру мүмкін емес.

– Мәжіліс залының күрделі жөндеуден өткеніне көп уақыт болды ма?

– Білмеймін. Дәл қазір барлық мән-жай анықталып жатыр.

– Студенттер 20 қаңтарға дейін онлайн оқи ма? Ал одан кейін қалай болады?

– Әзірге студенттер қашықтан оқиды, кейін офлайнға көшеді. Өйткені біз ғимаратты кептіруіміз керек. Өрт офистерге, бөлмелерге айтарлықтай зиян келтірген жоқ. Оқу процесі үзілмейді. Ғимаратты ретке келтіргенше бір апта онлайн үзіліс аламыз. Дәл қазір мұндағы жұмыс ауқымын нақты айта алмаймын, бірақ біз әзірге осылай шештік. Негізінен суды сыртқа шығарып, ғимаратты кептіру керек. Содан кейін өрттен зардап шеккен үй-жайларды қалпына келтірмекпіз.

– Шатыр ашық жалынға ұрынған жоқ па? Тіреулері қирамады ма?

– Жоқ, ешнәрсе құламады. Жалпы, біз жыл сайын шатыр мен үй-жайды өртке қарсы заттармен  өңдеп тұрамыз. Тергеу нәтижесін күтіп отырмыз.

Әңгімелескен Александра Алёхова

ОҚИҒА ЖЕЛІСІ

ҚБТУ-дағы өрт туралы хабар кеше түнде сағат 22:00-де түсе бастады. Төртінші қабатта бөлмелердің бірінің төбесі өртенген.

Өрт орнында жедел штаб құрылып, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінен 78 өрт сөндіруші мен 28 техника жұмылдырылды.

Өрт түн ортасында ауыздықталды. Қызыл жалынды төрт жауынгерлік топ сөндірді. Өртпен күрес кезінде ғимараттың құрылымдық ерекшеліктеріне, жоғары өрт жүктемесіне және қою түтінге байланысты қиындықтар туындаған.

Түнгі сағат 1-де 120 шаршы метр аумақтағы өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Еске сала кетсек, кеше түнде Алматыда ҚБТУ ғимараты өртеніп жатқанын хабарлағанбыз.

Көп ұзамай Ulysmedia.kz тілшісі өрт шыққан ҚБТУ ғимараты жағына арнайы барып, оқиға орнынан ақпарат таратты.

ҚБТУ ғимаратындағы өрт оқшауланды.

ТАРИХИ ҒИМАРАТ

Айта кетейік, ҚБТУ ғимараты — Алматы қаласындағы Астана алаңында орналасқан ғимарат. 1957 жылы салынған қаладағы тарихи және көрнекті ғимараттардың бірі.

Бұл ғимаратта 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. 1997 жылдан 2001 жылға дейін ғимарат Алматы облысы әкімінің резиденциясы қызметін атқарды. Осыдан кейін ғимарат Қазақстан-Британ техникалық университеті орналаспай тұрып бір жылдан аз уақыт бос тұрған еді. 2018 жылы ҚБТУ бас залы қайта жаңғыртылды.