Қазақстан ЕАЭО «ортақ қазанынан» Ресей алатын пайданың 10/1 бөлігін ала алмай отыр

Аян Өрібай

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ баж салығынан түсетін пайданы 6,99 пайыздан 8,5 пайызға дейін көтергісі келетінін айтты. Алайда "көтеріледі" деп нақты айту ерте екенін де атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Арман Шаққалиев бұл түсімнің бөлінісі әдістемеге сай реттеліп отыратынын айтады. Біріншіден, әр елдің жалпы ішкі өнімі есепке алынса, екіншіден тауар айналымы, кеден рәсімдері есепке алынады. 

Еуразиялық экономикалық одақтың ерекшелігі – бүкіл шешімдер тек консенсуспен шешіледі. Бес мемлекеттің мақұлдауы керек. Қазір біз әдістеме жағынан бір мәселені қарап жатырмыз. Жоба бойынша біздің үлес 8,5 пайызға ұлғайту керек. Нақты айтарым. Бірақ “солай болады” деп айта алмаймын. Неге десеңіз, осы мәселе тағы да дау болады. Талқылаймыз. Одан кейін қосымша сіздерге айтамыз. Бұл өте ашық, түсінікті процес. Біздің мемлекеттік органдар арқылы өтеді, – дейді Шаққалиев. 

ӘҢГІМЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар экономистер мен депутаттар Еуразиялық экономикалық одақтағы ортақ баж салығынан түсетін табыстан Қазақстан қағылып отырғанын мәлімдеген еді. Олардың айтуынша, ортақ түсімнің 85,1 пайызы Ресейге тиесілі. Ал Қазақстанның үлесі бар-жоғы 6,99 пайыз. Экономистер Ресей Украианаға соғыс ашқалы сауда тізбегі қатты өзгеріп, ортақ нарыққа Қазақстанның шекарасы арқылы тауар көбірек түсе бастағанын, демек Қазақстанның ортақ түсімнен алар пайдасы көбірек болуы керек деп мәлімдеген еді.