"Қазақы тазы" ит тұқымы ресми тіркелді

Сымбат Сатыбалдина

Qazpatent Ұлттық зияткерлік меншік институты «Қазақы тазы» патентінің ресми тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

democrat.kz

ПАТЕНТ КІМГЕ ТИЕСІЛІ

«Қазақы тазы» тұқымының патент иесі – 2013 жылы ресми тіркелген «Қансонар» Республикалық аңшылар мен аңшылық шаруашылық субъектілерінің қауымдастығы. Ұйым қазақы ит тұқымдарын, соның ішінде қазақы тазы мен төбетті сақтау және дамыту жауапкершілігін өз мойнына алған.

ЗЕРТТЕУ

Жалпы, селекциялық жетістікке патент жаңалығы, өзгешелігі, біртектілігі және тұрақтылығы сияқты критерийлерге сәйкес келген жағдайда беріледі. Институттың мәліметінше, селекциялық жетістікке берілетін патенттің құқықтық қорғау көлемі тұқым сипаттамасында көрсетілген белгілер жиынтығымен анықталады.

Зерттеулер көрсеткендей, қазақы тазының ерекше жүйке жүйесі бар, бұл оны бірегей етеді. Олар аңшылық пен жарыстар үшін маңызды саналатын жоғары жұмыс қабілетімен және физикалық жүктемелерге төзімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, бұл тұқым жарыс пен басқа да сынақтарда жоғары нәтижелер көрсетеді.

«ҚАНСОНАР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ

«Қансонар» қауымдастығы жыл сайын иттердің тұқымдық байқауларын өткізеді. Нәтижесінде, иттердің тұқым стандарттарына сәйкестігі бойынша сараптамалық қорытындылар беріледі. Бұл иттер әртүрлі климаттық жағдайларға, соның ішінде қатал қыс пен аптап ыстыққа жақсы бейімделген.

Айта кетейік, 2023 жылдың 2 қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбет сияқты қазақы ит тұқымдарын мемлекеттік қорғауға алу туралы заңға қол қойған болатын.

ТӨБЕТ ПЕН ТАЗЫ

2024 жылдың қараша айының басында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы ит тұқымдарының стандарттарына олардың шығу тегі, қолданылу мақсаты және тарихи анықтама сияқты тармақтарды енгізуді қарастыратын өзгерістер дайындады. Бұрын ҚР Президенті Әкімшілігінің қазіргі басшысы Айбек Дадебаев тазы мен төбетті сақтау және оларды төл қазақы тұқым ретінде халықаралық деңгейде мойындату бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан болатын.

2024 жылдың қыркүйегінде Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақы тазыны («Kazakh Tazy») алдын ала ресми тұқым ретінде мойындап, Қазақстанды осы тұқым стандартының иесі деп бекітті.