Биіктен құлаған семейлік мұғалім әкімдікті сотқа берді

Сырым Қаржас

Жаңа жыл қарсаңында алаңға шырша орнату кезінде биіктен құлап, өлім аузынан қалған семейлік мұғалім қалалық әкімдіктің үстінен сотқа арыз түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

Шығыс Қазақстандағы Семей қаласында мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсірді. Жаңа жыл қарсаңында шенеуніктер оны басқа әріптестерімен бірге қаланы безендіруге тартып, бас алаңдағы шыршаны безендіруге жіберген.

Белгілі болғандай, шенеуніктер қарапайым мұғалімдерді қаланы көріктендіру жұмыстарына жұмсаған, бұл олардың қызметіне мүлдем кірмесе де, жұмыстың өзі қауіпсіздік ережелерін бұза отырып жүргізілген.

«Ешқандай ресми құжаттар, бұйрықтар болмаған. Директор оларға барыңдар деген, ол барды», – дейді зардап шеккен мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы. – Мұғалімдер өз еркімен барды дейді, бірақ бұл шындыққа келмейді! Олар директордың бұйруымен сонда жіберілген. Ешкім оларға төлем немесе өтемақы туралы уәде бермеген! Қазір барлық кінәні білім бөліміне жауып жатыр, дегенмен олардың басшылары да кінәлі».

Айтқалиев жоғары биіктіктен құлап, ажал құша жаздаған. Дәрігерлер оған бас сүйегінің ауыр зақымдануын анықтап, шұғыл ота жасады.

Осыған байланысты мұғалімнің туыстары қалалық әкімдік шенеуніктерін жауапқа тартқысы келеді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетсек, жуырда осы іс бойынша жүргізілген тексеру аяқталып, 100% жұмыс берушінің кінәсі екені анықталды.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.

Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.

Биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді. Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.

Ulysmedia.kz тілшісі мұғалімнің жұбайы Сымбат Аянқызымен тілдесіп, Қуаттың қазіргі жағдайын, оның ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білген еді.