Желіде табыс тапқан павлодарлық мемлекеттік қызметкер жұмыстан қуылды

Сырым Қаржас

Павлодар облысының Май ауданында маркетплейсте қосымша нәпақа тауып келген мемлекеттік қызметкерді жұмысынан кетірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

banki.ru

АНЫҚ-ҚАНЫҚ

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті жүргізген тексеруден кейін белгілі болды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Май аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы жұмыссыз қалғаны хабарланды.

СЕБЕП

“Агенттіктің хабарлауынша, 34 жастағы бас маман әлеуметтік желілерде онлайн сауда платформалары арқылы тауарларға өз бетінше тапсырыс беруге үйрету мақсатында жарнамалар жариялаған. Осыған байланысты салада бір жыл жұмыс істеген мемқызметкер қызметінен босатылды”, деп жазады pavlodarnews.kz.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, лауазымды тұлғаның оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелдік интернет-дүкендерге жаңа ережелер енгізуді ұсынған болатын. Оларға Wildberries және Ozon кіреді.