Газадағы атысты тоқтату келісімі: қазіргі ахуал қандай

Сырым Қаржас

ХАМАС делдалдарға Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі аясында 2025 жылдың 19 қаңтарында босатылуы тиіс кепілдегілердің есімін берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Дереккөздерге сілтеме жасап, Кан радиосының хабарлауынша, ХАМАС өкілі тізімнің тапсырылғанын және Израиль оны «жақын болашақта алатынын» айтты.

Сондай-ақ Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир Хамаспен келісімге наразылық ретінде отставкаға кеткені хабарланды. Ол басқаратын Отзма Йехудит партиясы да Беньямин Нетаньяху үкіметінің коалициясынан шықты.

Бір күн бұрын Бен-Гвир мұндай шешім туралы ескертіп, егер анклавтағы ұрыс қайта басталса, оның партиясы үкіметке қайтып оралуға дайын екенін мәлімдеді.

Израиль Газа секторын атқылауды әлі де тоқтатқан жоқ. Қаңтардың 19-ы күні ИДМ соққыларының салдарынан кем дегенде 10 палестиналық қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды ТАСС.

Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері атысты тоқтату келісімінің талаптарын орындамау жағдайында Газа секторындағы радикалды нысандарға соққы берудің жаңа толқыны басталғанын хабарлаған.

Газа секторындағы атысты тоқтату 19 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша 8:30-да (Астана уақыты бойынша 11:30) басталуы керек еді. Бұл туралы 18 қаңтарда Катар Сыртқы істер министрлігінің өкілі Маджед әл-Ансари хабарлады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетсек, жуырда ғана Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы әскери қимылдарды тоқтату және Израильдің тұтқынға алынған адамдарын палестиналық тұтқындарға айырбастау жөнінде келісімге келген еді. Оған қуанған адамдар Юнис, Дейр балах және Газа секторының басқа қалаларының көшелеріне шықты. Олар от жағып, жеңіс ұрандарын айтып, қол шапалақтады, билеп қуанысты.

Катар премьер-министрі Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы келісім жасасқанын жариялағаннан кейін Газа секторында адамдар көшеге шығып қуанышын білдірді.  

Ал Израиль премьер-министрінің кеңсесі ХАМАС-ты кейбір келісімдерден бас тартып, кепілге алынған адамдарды босату туралы келісімнің аяқталуына кедергі келтіріп, "соңғы сәтте дағдарыс" туғызып отыр деп айыптады.