Темірлан Еңсебек сатиралық жазбалары үшін ұсталған жоқ – полиция

Сымбат Сатыбалдина

Алматы полиция департаменті QazNews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істің оның сатиралық жазбаларымен байланысты емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

instagram

Құқық қорғау органдарының айтуынша, қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.

— Бұл біздің көпұлтты елімізде, Конституцияға сәйкес, ешкімнің шығу тегі, ұлты, тілі, діні немесе басқа да себептер бойынша кемсітуге ұшырамауы тиіс қоғамда мүлдем жол берілмейтін жағдай, – деп атап өтті полицияда.

Полицейлер іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық немесе діни араздықты қоздыру) бойынша қозғалғанын атап өтті.

Темірлан Еңсебекті қолдаған бірнеше азамат рұқсат етілмеген пикеттер өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция заңды бұзуға жол берілмейтінін ескертті.

— Сонымен қатар, тергеу органдары қазіргі уақытта азамат Е. өзінің Instagram-арнасына жариялаған әннің авторларын анықтаумен айналысып жатыр, – дейді полиция департаменті өкілдері. 

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, бұған дейін Темірланды қолдап шыққан екі журналист қамауға алынды. Оның бірі – журналист Рус Бикетов, ол 15 тәулікке сотталды. Сонымен қатар, Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева да 15 тәулікке қамауға алынды. 

Ал бүгін Еңсебекті қолдап, тағы екі адам пикетке шыққаны белгілі болды. 

ПИКЕТКЕ ШЫҚҚАНДАР

Oyan, Qazaqstan саяси реформа талап етуші қозғалысының белсендісі Ақмарал Жәкібай Алматыдағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының алдында Темірлан Еңсебекті қолдауға @qaznews24 жеке пикетке шыққан. Бұл ақпарат қозғалыстың парақшасында жарияланды.

Бүгін Қостанайда белсенді Сергей Зинченко «Сатира — қылмыс емес» деген жазуды күртешесіне жазып, Темірлан Еңсебекті қолдауға шыққан. Ол да ұсталған. Бір күн бұрын Алматыда журналистер Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетов Темірланға қолдау көрсетіп, жеке пикет өткізіп, 15 тәулікке қамауға алынған.

Үш күн бұрын Алматыда сатиралық жаңалықтар жариялайтын Instagram әлеуметтік желісіндегі танымал парақшаның әкімшісі Темірлан Еңсебек ұсталған болатын. Еңсебекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.