Бас прокуроратура Семейде шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап жараланған мұғалім Қуат Айтқалиевтің ісіне қатысты кім күдікті екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Бас прокуратура мәжіліс депутатының ресми сауалына берген жауабында айтылған. Ведомство мәліметінше, күдікті ретінде – қала әкімінің орынбасары танылған.
- Тергеп-тексеру барысында мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берген қала əкімінің орынбасары А. Хамзаев күдікті ретінде танылды, делінген жауапта.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.
Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.
Биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді. Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.
Ulysmedia.kz тілшісі мұғалімнің жұбайы Сымбат Аянқызымен тілдесіп, Қуаттың қазіргі жағдайын, оның ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білген еді.